«Қазақ тілі өте бай. Сондықтан кірме сөздерді қолданбауға тырысайық. Бүгінгі таңда кейбір азаматтар кірме сөздерді қолдануға құмар. Оған мысал ретінде «ифтар», «машаллах» сөздерін» айтуға болады. Әйтпесе, «ифтарды» қазақ халқы осы уақытқа дейін ауыз ашар, «машалланы» құдай қаласа деп айтып келді ғой. Сондықтан теріс ағымдарға тойтарыс беру үшін біз өз рухани құндылығымызды сақтап қалуымыз керек. Сол кезде жастарымыз жат ағымдарға ермейтін болады», – дейді Нұрлан Ермекбаев.
Министрдің айтуынша, теріс радикалды идеологияға қазақы дәстүрімізбен ғана тойтарыс бере аламыз. Айта кетейік, соңғы жылдары сәресін- суһу, ауызашарды-ифтар деп айту белең алып кеткен болатын.
«Дін саласындағы ең маңызды міндет — еліміздің дамуының зайырлы қағидатын қамтамасыз ету және нығайту. Яғни, азаматтардың ар-ождан бостандығын бұлжытпай кепілдендіру, оның дінді таңдай алу немесе діннен бас тарта алу құқығын қамтамасыз ету — біздің зайырлық моделіміздің айнымас негізі ретінде қала береді. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамымызда берік орныққан конфессияаралық келісімді одан ары нығайту діни бірлестіктермен бірлескен жұмысымыздың аса маңызды бағыты болып қала береді», — деді Нұрлан Ермекбаев.