Теңгенің тағдыры 30 қарашада шешіледі

Бүгін KASE-нің таңертеңгі сессиясында доллардың теңгеге шаққандағы курсы 331.36 шамасында сақталып, Brent мұнайы 52,41 долларға бағаланып отыр.

Қазіргі уақытта теңге мен рубль — құны қарқынды көтеріліп келе жатқан валюталардың бірі. Оған себеп ОПЕК-тің Алжирдегі келіссөзде мұнай өндірісін тежеу туралы ортақ келісімге келіп, оны тәулігіне 32,5 млн баррельден асырмауға келісім беруі. Бұл соңғы сегіз жыл ішіндегі мұнай өндірісін алғашқы рет бәсеңдету болып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, ОПЕК өндірісті тәулігіне 700 000 баррельге азайтатын болды. Ал бүгінде ол  33,24 млн баррельді құрайды.

Теңгенің құны жоғарылауы үшін 30 қарашада өтетін кездесуге дейін осы курсты сақтап тұруы тиіс.

Сарапшылар бұл кездесуден жағымды жаңалықтар күтіп отыр. Себебі Алжирдегі кездесуде келісімге келген ОПЕК мүшелері 30 қараша күні ресми келісім-шартқа қол қояды. Бұндай жағдайда мұнай бағасы барреліне 60 долларға көтеріледі деп күтілуде. Бұл туралы Сауд Арабиясының энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халид әл-Фалих 23 Дүниежүзілік энергтика конгресінде мәлімдеді.

Алайда, бұл жағдайға кедергі келтіретін саяси жағдайлар бар. Мәселен, ОПЕК-тің бейресми кездесуінде Иран мен Ирак мұнай өндірісінің көлемін азайтудан бас тартқан еді. Оған қоса Ресейдің энергетика министрі Новак та Мәскеудің ОПЕК шешіміне қосылатынын, бірақ мұнай көлемін азайтуға дайын емес екендігін мәлімдеген. Егер бұл жағдайлар ОПЕК шешімін өзгертетін болса, қара алтынның құны құлдырап кетуі мүмкін. Ондай кезде теңгенің де төмендейтіні анық.

Сондықтан, теңгенің құны ОПЕК-тің ресми кездесуінде қабылданатын шешімге байланысты.

ДереккөзNaryk.kz