– Түгелбек аға, бүгінгі күнге дейін велосипедпен қанша шақырым жол жүріп тастадыңыз?
– Шамамен 400 мыңнан астам километр артта қалды.
– Экватор белдеуімен өлшегенде Жер шарын 10 рет айналып шығыпсыз ғой…
– Солай деуге болады. Сол 40 мемлекеттің бәріне бірдей велосипедпен барғаным жоқ, әрине. Мәселен, Жапонияға, Кубаға ұшақпен жеттім.
– Әуежайдан түсе сала велосипедке отырасыз ба?
– Жоға… Менің «Бейбітшілік елшісі» деген қосымша атағым бар. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің демеуімен топырағына аяғымның ұшы тиген елмен өзара достығымызға дәнекер боламын.
– Жасыратын несі бар, біз сізді тек қана велошабондоз ретінде танып білеміз. Қазақстанның «Бейбітшілік елшісі» деген атауыңыз тамаша екен. Велосипед жорығы қашан, қалай басталды?
– Ауыл балалары велосипедке құмар болып өстік емес пе? Сол құмарлық спортқа алып келді. Кеңес Одағының дүркіреп тұрған кезі болатын, Қап тауының етегіндегі Кабардин-Балкар республикасында веложарыстан жасы 30 бен 60 жас аралығындағы азаматтар арасында үлкен жарыс өтті. Ол кезде мен 45-те едім, 63 велошабандоздың арасында, бәрі КСРО спорт шеберлері, 22 шақырымдық қашықтық жарыста үшінші болып келдім. Марапат алдым. Велоспортта өзімнің мүмкіндігімнің зор екенін сол жарыста байқадым. Тоқетерін айтқанда, бәрі сол күнгі жарыстан кейін басталды…
– Жеке жарыс, жалғыз-жарым алыс сапарға шығу да сол тұстан басталды ма?
– Алдымен көлігімді сайлап алып Алматыдан Қасиетті Түркістанға сапар шектім. Бір жағы үлкен сапарлардың алдында Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың басына барып, тәу етіп, дұға оқып алу еді. Содан іле көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан республикаларын 40 градус ыстықта «аралап» шықтым. Ең сынақтың ауыры осы шілде айында өткен 15 күн болды. Есесіне өзімнің қабілетім мен физиологиялық тұрғыдан қандай қиындықтарға шыдас беретінімді байқадым. Табаным қызып келесі жылы тура Мәскеуге тарттым. Орыс халқы қызық қой, Орал таулары мен Еділ (Волга) өзенінің алқабында олар, тіпті, мені әр қаланың кіреберіс қақпасында нанмен, тұзбен қарсы алды. Халық шағын митинг өткізіп, «Ельцинге сәлем айт!» деп шығарып салып жатты. Менің мақсатым – Мәскеуге жетсем, ар жағынан Еуропаның есігін ашу еді.
– Қысқасы, бұл веложорықта Мәскеу шебін «қиналмай алғаныңыз» байқалып тұр. Содан…
– Содан… енді алдымда «Берлинді алу» мақсаты тұрды. Жасым да 55-ке таяп қалған.
– Жас ұлғайып, жыл өткен сайын оның өзіндік айырмашылығы да байқала бастайтын шығар? Оның үстіне, велосипед жеңіл спорт түріне жатпайды…
– Шынымды айтайын. Жасым ұлғайған сайын өзімнің бойымнан, жалпы адам ағзасының қуатының қаншалықты мол болатынын сезіне бастадым. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтуға міндеттімін, менің өз басым адам ағзасы адамның 150 жылға дейін өмір сүруіне мүмкіндік береді…
– Қойыңызшы?!.
– Рас айтамын. Менің қазіргі елдер арасындағы ынтымақтастық пен достастыққа дәнекер әрі «Бейбітшілік елшісі» міндетін атқара жүріп ол жайында да көсіле насихат айтатыным бар. Адам өз ағзасының қорын дұрыс пайдалана білсе, оның ресурсы мол екеніне көзі жетеді. Мен барша адамзат өкілі алдында соны дәлелдегім келеді.
– Адамның шаршайтын кездері де болады. Мысалы, өзіңіз алыс сапарда келе жатқанда жолдың бәрі бірдей теп-тегіс, оқтаудай түзу деп айта алмайсыз емес пе?! Сондықтан сапар үстінде қандай тәртіпке бағынасыз?
– Оныңыз рас. Мен негізінен жолға жаз айында шығамын. Аптап, ыстық. Өзің шөлдеп, аузың құрғап келе жатқанда жол жиегінен шыққан сағым айнакөлдей болып көрінеді. Бара салайын десең, жеткізбейді… Бәрін бастан өткіздім. Жолда ең керегі – су. Суды үнемдеуді жақсы білемін. Екі тәулік ұйықтамай жүре беремін. Содан аздап мызғып аламын да қайта жолға шығамын. Сәл босаңсып, тәніңе еркіндік берсең, тәртіп бұзылады. Қаталап қатты шөлдеп келгенде де мөлдір бұлақтан қанып су ішпеймін. Бәрінің өз тәртібі бар. Ол менің өз құпиям.
– Түгелбек аға, сізге қан қысымы, холестерин, склероз, қант диабеті, буын ауруы, сүйек сырқырау деген атаулар таныс па?..
– Әрине, таныс. Бұл қарттық жасқа жеткен барша азаматтың «бас ауруы» ғой. Мен өзімді қарттардың қатарына қоспаймын. «Қантты көп жесе, қант диабеті кеселіне шалдығады» дегенге де қосылмаймын. Қантты көп жейтін азаматтың бірі менмін. Неге ауырмаймын?! Себебі, қорытылмаған кез келген тағам асқазанда быжып, ашып, ауруға негіз болады. Сондықтан айтарым, қозғалған адам, қимылдаған пендеңіз ауру-сырқаудан алыс жүреді.
– Қысқасы, жол үстінде алыс елдерде жүргенде ғарышкерлер секілді сіздің де өз денсаулығыңыз «өз қолыңызда» екеніне менің көзім жеткендей. Шетелдерде жүргенде, ауру-сырқаудан тыс кездейсоқ төтенше түрлі жағдайларға тап келіп «қысылып» қалсаңыз не істейсіз?
– Рас, денсаулық қолда. Өзгедей майда-шүйде техникалық себептер туындай қалса, ғарыштық байланыс желісі арқылы телефонмен сол елдегі елшілігімізге хабарласа қоямын. No problem!
– Қанша тіл білесіз?
– Шамамен 9 тілде емін-еркін «нан сұрап жей аламын». Қазір ағылшын тілін үйренуді үдете түстім. Алдағы жылы Америка вело-сапары күтіп тұр.
– Шаршамаңыз, Түгелбек аға! Сапарыңыз әрқашан оң болсын! Әңгімеңізге рахмет.
Талғат СҮЙІНБАЙ