Жалға пәтер берудің бірінші пулында Алатау ауданының Көкқайнар ықшамауданында орналасқан 249 пәтерге өтініш қабылданған. Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Айбек Сайделдаев брифинг барысында айтты.
Жұмыс істейтін жастардан өтініш пен құжат қабылдау үшін Аlmaty-jastary.kz сайты ашылған. Сайтқа барлығы 1 244 өтініш түсті.
Айбек Сайделдаев қазіргі кезде жалға үй берудің бекітілген ережесі бойынша құжаттардың толық және сәйкес болуы тексеріліп, балл есептеліп, үміткерлердің тізімі жасалып жатқанын айтты.
Балл арнайы жүйе бойынша есептеледі:
1) өтініш беруші Үкімет 2018 жылы 13 қарашада №746 қаулысымен бекіткен нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасында көрсетілген нарыққа аса қажет 100 мамандықтың бірін меңгерсе, 10 балл алады;
2) отбасы болса, 5 балл және некеде тұрған әр жылы үшін 2 балл жинайды;
3) бір баласы болса, 1 балл және одан кейінгі әр бала үшін 2 балл алады;
4) кәсіпкерлікпен кем дегенде 1 жыл ішінде айналысса, 5 балл және әр жылы үшін 1 балл жинау мүмкіндігі бар;
5) өтініш берушінің әр саладағы жеке жетістігі үшін 2 балл беріледі;
6) бюджеттік ұйымдарда атқарған қызметі (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындар) үшін 5 балл, еңбек өтілінің әр жылы үшін 1 балл беріледі;
7) екінші деңгейлі банктерде депозиті болса, 2 балл алады;
Балл көрсеткіші тең болған жағдайда белгіленген мерзім бойынша өтінішті ерте берген үміткер басымдық алады.
Балл есептелген соң сайтта бағдарламаға қатысушылардың тізімі жарияланады. Одан кейін жоғары балл жинаған үміткерлермен тұрғын үйді жалға беру туралы келісімшарт жасалады.
Айбек Сайделдаев 2019 жылдың соңына дейін тағы 1000 пәтер бөлінетінін, осы бағдарлама бойынша өтініш қабылдау одан әрі жалғасатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, ірі қалалардан жұмыс істейтін жастарға тұрғын үйлерді сатып алу құқығынсыз жалға беру — ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының тапсырмасы.
Үкіметтің 2018 жылғы 22 маусымдағы №372 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының 3-тармағы мен 5.1-тармағында жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтер алуға қойылатын талаптар көрсетілген.