«Қазгидромет» кәсіпорнының мамандары 14-16 қараша күндері Қазақстанда аяз болатынын хабарлады.
Синоптиктердің болжамына қарағанда Қазақстан аумағына Орал мен Батыс Сібір аудандарынан Арктиканың атмосфера фронттары келіп, оның оңтүстік-шығысқа жылжуымен бірге қар жауады, кей жерде бұрқасын соғады, солтүстік-шығыс желі күшейіп, көктайғақ болады. Ал фронттардың артынан Арктика теңіздері акваториясында қалыптасқан антициклон келеді. Онымен бірге республиканың көп облысында күн суиды.
Солтүстік, орталық және шығыс аудандарда түнгі ауа температурасы 13-18, кей жерде 20-25 аязға дейін төмендейді, бұл орташа көпжылдық мәннен 4-10 градус төмен. Бұл күндері республиканың батысында ғана жауын-шашын жаумайды, ауа температурасы нормаға жақын болады, — деп хабарлады «Қазгидромет» кәсіпорнының баспасөз қызметі.