«Қазақстан мен Румыния ұлттық құрамалары арасындағы футбол матчының үзілісі барысында 27 жастағы азамат темекі шегуге шығып, темекі тұқылын үш метрдей жерде тұрған қоқыс жәшігіне емес, жерге тастаған», — дейді Астана қ. ІІД Жергілікті полиция қызметінің инспекторы Ләззат Бисембаева.
Аталған факті бойынша азаматтардың ортақ пайдаланатын орнын ластағаны үшін ҚР ӘҚБтК 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысы И. есімді азаматқа 10 АЕК (21210 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Бүгінгі таңда Астана қаласының ІІД жергілікті полиция қызметі ұсақ құқық бұзушылыққа қатысты 3586 материал тіркеді, оның ішінде 384 азамат әкімшілік қамауға алынып, 3202 айыппұл салынды.
Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметі елорда тұрғындары мен қонақтарын жаппай іс-шаралар барысында тәртіп пен тазалық сақтауға шақырады. Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастамасымен «Астана-Арена» және «Барыс-Арена» стадионында жанкүйерлерге ыңғайлы болуы үшін қосымша қоқыс жәшіктері орнатылды.