Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, сенаттың халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева журналистердің «Президент өзін қалай сезінеді?» деген сауалына «Қазір біршама жақсы» деп жауап берген.
11 қазанда Ақорда президент Назарбаевтың «суық тиіп, сырқаттанып қалғанын» және «емделіп жатқанын» хабарлаған. Дариға Назарбаева содан бері әкесінің денсаулығына қатысты бірінші рет жұрт алдында комментарий беріп отыр.
Кеше президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев Нұрсұлтан Назарбаев осы аптаның соңына дейін халықаралық кездесулер мен шараларға қатыспайтынын хабарлаған. Баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда, президенттің «жалпы денсаулық жағдайы жақсы» және бұдан ары әдеттегі жұмыс кестесі бойынша қызметіне кіріседі.
Еске сала кетейік, Ақорда баспасөз қызметі де Елбасының денсаулығына қатысты мұндай ақпаратты бірінші рет беріп отыр.