Селфи түсіруге неге құмармыз?

Селфи түсіруді соңы қайғылы оқиғамен аяқталған жағдайлар Қазақстанда да бірнеше рет болған. Жазда өскемендік жігіт көпірден селфи түсіремін деп өзенге құлап кеткен еді. Ал, алматылық 15 жасар қыз қолындағы сәбимен бірге өзен жағасында селфи жасаймын деп баланы суға құлатып алған. Осы жағдайлардың БАҚ беттерінде жиі жариялануына қарамастан, құқық қорғау органдары селфи салдарынан болған қайғылы оқиғаларды тізімге алмайды. Салдарынан елімізде селфимания статистикасы жоқ. Демек, қоғам селфидің қауіпті болатынына жеткілікті деңгейде назар аударып отырған жоқ.

Әзірге тек пайдалы тұстарын ғана көріп отырмыз. Неге десеңіз, селфиді қайырымдылық шараларында да қолдана бастадық. Елімізде «Селфи күні» деген іс-шара пайда болды. Онда адамдар еліміздегі танымал тұлғалармен селфиге түсу үшін билет сатып алады. Шараны ұйымдастырушылар түскен ақшаның бәрі «Милосердие» еріктілер қоғамының қорына аударылғанын айтады.

Селфи күні Жасын Қанбаев
Жасын Қанбаевпен селфи. Селфи күні, ©meta.kz

«Технодомдықтардың» айтуынша, алдыңғы камерасы бар смартфондар басқасына қарағанда жиі сатылады екен. Әрине, қазір екінің бірі суреттерін «Инстаграм» атты желі-альбомында сақтайды. Онда «Таңғы ас», «Мектепке/университетке/жұмысқа бара жатырмын», «Сабақтамын» деген жазбалармен бірнеше сурет бар. Бұл тізімнің соңы жоқ. Бұрынғы суреттерде адамдар жалпы планда түсірілсе, қазір көпшілігі ірі планда иығынан жоғары түсетін болған. Селфидің пайда болуы бір жағынан фотоөнерге өз жаңалығымен келгендей. Неге десеңіз, түрлі ракурстар мен фотофильтрлер пайда болды. Алайда, ерекше фон іздеушілер де аз емес. Мәселен, мәскеулік Ангелина Николау өзінің эстремалды суреттерімен ел есінде қалды.

#moscow #Russia #rof_top #rooftop #roof #354 и #354exclusiveheight photo by @palshkov_lifegram

A photo posted by Angela Nikolau (@angela_nikolau) on

Spire selfie #china #rooftop #roof #tianjin

A photo posted by Angela Nikolau (@angela_nikolau) on

Бц Преображенский. #selfie ##roof #roof_top

A photo posted by Angela Nikolau (@angela_nikolau) on

Осы ретте ата-аналарымыздың фотоальбомдарын еске түсіріп көрейікші? Оларда қалай? Альбомда балалық шағынан бір-екі сурет, оқушы шағынан бес-алты, студенттігінен он шақты сурет… Осылайша әрбір қуанышты сәттерінен бірлі-екілі естелік суреттер ғана.

«Адам селфи түсіруге неге құмар?»

Осы сауалмен психолог кеңесіне жүгіндік.

«Адамзат психологиясындағы тәуелділік ұғымы алғаш рет наркоманияға қатысты шыққан еді. Қазір оны интернет, смартфон алмастырып, нәтижесінде селфи шықты. Бұл әр адамның өзіне деген сенімділігінің көрінісі. Селфиді көп түсіретін адам өзінің келбетіне, сұлулығына сенімсіз. Ол соны дәлелдеу үшін қашан әдемі шыққанша өзін-өзі суретке түсіре береді. Жақында интернеттен бір қыздың парашюттен секіріп бара жатып түсірген автопортретін көрдім. Егер ол суретті түсіріп жатқанда тепе-теңдікті жоғалтып алса, не болатын еді? Үндістандық қыздың да жағдайы сондай. Ол суретке түсемін деп, қауіпсіздік жағдайын ойламаған (…) Адамдар қызықты, әрі қайталанбайтын суреттер жасап, көпшіліктің назарын аудартамын деп, реалды өмірден, реалды түсініктен алшақтап кетті. Олар бұны дұрыс, сәнді деп ойлайды. Міне, мәселе қайда жатыр?», — дейді сараптамалық психолог Садықова Айгүл Жасұланқызы.    

Психологтың айтуынша, селфи түсіретін адамдардың  көбі өзін-өзі алдаумен өмір сүреді екен. Олар күнделікті қымбат ресторандардан тамақтанып, брендті бутиктерден киінбесе де, әлеуметтік желідегі суреттері арқылы жазылушыларына өзін сондай қымбат жерлерде күнде жүретіндей көрсетіп, алдамшы түсінік қалыптастырады. Осылайша, виртуалды образымен өмір сүргісі келіп, өзінің реалды жағдайына көңілі толмайды. Психолог селфи түсіре беру эгоизмге әкелетінін де атап өтті. Адам өзінің суреті әдемі шықса, оның фонына қарамастан желіге жариялай беретін болған.«Мәселен, достарыңызбен бірге түскен селфиде өзіңіз әдемі болып тұрсаңыз, басқалардың көзін жұмып қалғанына қарамастан, желіге саласыз. Бұл эгоизмнің алғашқы белгілері»,-дейді Айгүл Жасұланқызы. (Өзіңізді есіңізге түсірді ме?)

Психологпен актер Санжар Мәдиев те келіседі. Ол өзінің инстаграм парақшасына селфилерді аз салады. Айтуынша, селфи қасыңда суретке түсіретін ешкім болмаған кезде ғана ыңғайлы. «Алайда, оны асыра сілтеудің қажеті жоқ»,-дейді актер.

Селфи қашан пайда болған еді?

Ең алғашқы селфи
Роберт Корнелиус. Сурет vseselfie.ru сайтынан алынды

Адамзат тарихындағы ең алғашқы селфиді Роберт Корнелиус түсірген.Ол 1839 жылы дагерротип арқылы өзін-өзі суретке түсіргенде бұның селфи деп аталатынын білген жоқ.

айналук
Адамзат тарихындағы алғашқы айна-look. Сурет vseselfie.ru сайтынан алынды

Айна-лукты ең бірінші болып Романовтар әулетіндегі Николай княздің қызы Анастасия түсірген. Бұл 1913 жыл еді. Кейін осы суретін досына поштамен жіберген қыз хатқа «Мен айнадан өзімді суретке түсірдім. Қатты толқыдым», деп жазған.

Міне, осыдан бастап, адамзат баласы өзін-өзі суретке түсіруге әуес. Бұл үрдіс қашанға дейін созылатыны, соңы қайда апарары белгісіз. Қазірше тек психологтар ғана селфиманияның ақыры психологиялық ауруға апаратынын айтып, дабыл қағып жатыр. Бос үрей болмаса керек…