Алматының көшесіне Мөңке би Тілеуұлының есімі берілді

Жазушы Смағұл Елубай Мөңке бидің би ғана емес, жырау да болғанын айтты.

Мөңке би атқа мінген тұлға болған. Әбілқайыр ханның үлкен билерінің бірі де болған. 2,5 ғасыр бұрын бүгінгі қазақтың хал-ақуалын болжап кеткен, — деді Смағұл Елубай.

Салтанатты шараға тарихшы-зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері мен бидің ұрпақтары қатысты.

Мөңке би — XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл. Би туралы Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Жұбанов еңбектерінде, жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Елең-алаң» романында тарихи дерек көрсетілген. Шара аясында ғылыми-тәжірибелік жиын мен би туралы тарихи деректер, аңыз-әңгімелер жинақталған кітап таныстырылды.