Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев бір-біріне сыйлық берді. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-та хабарлады.
Омбыдағы ынтымақтастық форумының ресми шараларынан кейін Мемлекет басшылары бір-біріне естелік ретінде сыйлық жасады. Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәрмәр мен малахиттан жасалып, күміспен күптеліп, алтынмен апталған шахмат тарту етті, — деп жазды Берік Уәли.
Қазақстан Президенті Ресей басшысына ұлы Абайдың 175 жылдығына орай арнайы тарту-таралғы ретінде шығарылған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының екі томын сыйлады.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Омбы әуежайынан шығарып салды.
Еске салайық, 7 қараша күні Омбыда Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Оның аясында екі елдің Президенттері келіссөз жүргізіп, форум қорытындысы бойынша бірнеше маңызды құжатқа қол қойды.