Басты бетЖаңалықтарРинат Зайытов:...

Ринат Зайытов: Ақындар қазір ақиқат үшін емес, автокөлік үшін айтысып жүр

Айтыскер ақын Ринат Зайытов «1980 жылдары болмаған цензура бүгінгі айтыста бар» деп алаңдайды.

– Бүгінгі айтыста ұйымдастырушылардың немесе біреудің көңіліне жақпайтын сөз айтсаң, ертесінде жиналысқа салады не «келесі айтысқа қатыстырмаймыз» деп қорқытады, – деді ол өткен аптада алматылық студенттерге «Бүгінгі айтыс» тақырыбында оқыған қоғамдық лекциясында.

Айтыс өнерін «қай заманнан бері тәуелсіз, өз қоғамының кемшіліктерін, жетістіктерін, індеттерін айтатын орта болған» деп сипаттаған Ринат Зайытов қазіргі айтыскерлерді «алдын ала белгіленген сценарий бойынша жырлап шығады» деп айыптады.

– Айтыстың бүгінгі ең басты қасіреті – ақынның жеке ұстамы болмауы, айтыстағы ойларды біреудің қадағалап отыруы, айтыстағы айтылған пікірлерге қарсы сахнаның сыртына шығып өзге біреулердің пікірлерін айтуы. «Ел алып жатқан көлікті мен неге алмаймын» деген оймен ақиқат үшін емес, дүние үшін айтысатын ақындар көбейіп кетті, – дейді Ринат Зайытов.

Ол «айтыскерлер ұйымдастырушылардың ықпалынан шыға алмай, осы бетімен кете берсе, бес жылдан кейін үш мың орындықты сарайда үш жүз адам отыратын деңгейге жетеміз» деп қауіптенеді.

«АЙТЫСТЫҢ САПАСЫ ҚҰЛДЫРАП БАРАДЫ»

Бірақ Ринат Зайытовтың әріптестерінің бірі, айтыс ақыны Бақыт Жағыпарұлы «айтыс ақындары ақиқатты айтпай жүр» деген пікірмен келіспейді.

– Бірнеше жыл бұрын айтысқа шектеу қойды. Егер айтыс ақиқатты айтпаса, ол шектеу неге қойылды? Әрине, ақиқат ащы айтылғаннан кейін [шектеді], – дейді ол.

Алайда Бақыт Жағыпарұлы айтыста ақиқатты айтуды «сары басылым деңгейінде «анау – жаман, мынау – жаман» деп айғайлау емес, кеткен кемшілікті астарлап, орайын тауып жеткізу» деп сипаттайды.

– Бұл – бұрыннан бар нәрсе. Өйткені ақын өз ойын айта алмаса, оның несі айтыс. Айтыскер сахнаға шыққаннан кейін өз ойын қалайда болса айтады. «Айта алмайды» деген – бос сөз. Бірақ ақиқатты айту – айғайлау емес, – дейді айтыскер.

Бақыт Жағыпарұлы да қазіргі айтыстың көркемдік деңгейі төмендеп кеткенін айтады. Оның пікірінше, кейбір ақындардың бір айтыстан кейін екінші айтысқа дайындықсыз бара беруі бұл өнердің сапасын әлсіретеді.

– Айтысқа дайындықсыз келетін айтыскерлер тақырыпқа тереңдемей, жеңіл-желпі әзілмен не алдыңғы айтыста айтқанын қайталауменен шектеледі. Соның салдарынан айтыстың сапасы құлдырап барады, – дейді ол.

Бақыт Жағыпарұлының «айтыскер ақындардың арасында өзін-өзі қайталаушылар бар» деген пікірімен айтыс өнерін зерттеп жүрген ғалым Темірхан Тебегенов те келіседі. Кейінгі бірер жылда республикалық деңгейде өткен айтыстардың тұрақты қазыларының бірі болып жүрген ғалым «айтыста жаттанды жырлардың көрініп қалатынын» растайды.

– Екі қарсылас сахнаға шыққан кезде олардың кіріспе сөздерінде, ойларын қорытқан кезде, арасында бір желдіртіп алатын тұстарында дайын мәтін екені көрініп қалады. Біздің ақындардың басты кемшіліктері – осы, – дейді Темірхан Тебегенов.

Ғалым айтыскер Ринат Зайытовтың айтыс сапасына жүлде де әсер ететіні жайлы пікірімен келіседі.

– Бүгінгі айтыстың деңгейін түсіріп отырған – жүлде. Сол себепті айтысқа көлік тіккенді қою керек, – дейді Темірхан Тебегенов.

Суырып салып айтысу өнері Қазақстанда 1950 жылдары жаңаша жаңғырып, совет кезеңінде негізінен қазақ тілді аудитория ортасында ерекше танымал болған. 1991 жылдан бері айтыскер ақындар көрерменнің қолдауын табу үшін өткір әлеуметтік-саяси мәселелерді жиі көтерген. 2000 жылдардың ортасынан бастап Қазақстан билігі айтысты «бейсаясиландыруға» күш салған. Мәдениет және ақпарат министрлігі айтыс әкімшілік бөлімін ашып, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті айтыс ақындарын даярлау үшін талапкерлер қабылдай бастаған. Айтыс теледидардан көп көрсетілмей, бірқатар ақындар республикалық айтыстардан шеттетілген.

ДереккөзАзаттық