«Қазгидромет» мамандарының болжамына қарағанда 5 қарашада Қазақстанның көп бөлігінде ауа райы құбылмалы болады, өңірлерде жауын-шашын жауып, жел күшейеді, тұман түседі, көктайғақ болады, солтүстікте жаяу бұрқасын соғады.
Ақмола облысында тұман түседі, көктайғақ болады, екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел мен жаяу бұрқасын соғады. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында да тұман түсіп, көктайғақ болады, жел екпіні секундына 20 метрге дейін күшейеді. Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында күн тұманды болады. Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында жел екпіні секундына 20 метрге жетеді.
Жамбыл, Алматы облыстарында қар аралас жаңбыр жауады, тұман түседі, көктайғақ болады, жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Ауа температурасы 5 градус аязға дейін төмендейді, — делінген «Қазгидрометтің» ескертуінде.
Нұр-Сұлтанда тұман мен көктайғаққа байланысты ескерту жарияланды.
Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» кәсіпорнының мамандары 5-7 қараша күндері елімізде қар аралас жаңбыр жауып, күн суитынын хабарлаған еді. Қазақстанның барлық аумағында ауа температурасы 0 градустан төмен, солтүстікте түнде 2-10 градус аяз, оңтүстікте 0-8 градус жылы болады, бұл көрсеткіш орташа көпжылдық нормадан 3-6 градустан төмен.
Сонымен бірге «Қазгидромет» болжамына байланысты Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына 5 қарашаға қараған түні қар аралас жаңбыр басталып, ол біршама кідіріспен 6 қарашаның алғашқы жартысына дейін жауатынын ескертті. 6 қарашаға қараған түні температура 0-ден 1 градус төмен, күндіз 0-ден 2-4 градус жоғары болады.
«Алматы тазалық» кәсіпорны қар тазалау жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін рұқсат етілмеген жерлерге көлік қалдырмауды және жолдардағы кептеліске түсіністікпен қарауды ескертті.
Тротуарларда, әсіресе әл-Фараби даңғылының жоғары жағындағы жолдың көлік қозғалысы бөлігіне мұз қатып, көктайғақ болуы мүмкін, сондықтан автоәуесқойлар мен жаяу жүргіншілерден қауіпсіздіктің барлық шарасын сақтауды сұраймыз. Жүргізушілерден көлік дөңгелектерін қысқыға ауыстыруды өтінеміз. Көлік жүргізу тәжірибесі аз автоәуесқойлар мұндай күндері автомобильден бас тартқаны жөн, — деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.