Apple компаниясы 4 қарашадан бастап ескі iPhone мен iPad модельдерінің жүйесінде ақау пайда болатынын мәлімдеді. Компания өкілдері қолданушыларға жаңа бағдарлама жасақтамасын орнатпаса, мекенжайды анықтайтын жүйенің бұзылуы мүмкін екенін ескертті.
«РИА Новости» агенттігінің хабарлауынша, бұл мәселе 2012 жылға дейін шығарылған іPhone 5, iPhone 4, iPad mini, iPad 2 иелеріне қатысты екені айтылды. 2019 жылдың 6 сәуірінен бастап осы гаджеттерде GPS-тегі уақыттың өзгеруіне байланысты мәселе туындай бастаған.
Уақыттың өзгеруі Apple гаджеттерінде Нұр-Сұлтан уақыты бойынша таңғы 06.00-ден басталды. Компанияның мәлімдеуінше, қолданушы бағдарлама жасақтамасын жаңартпаса, iPhone 5 смартфондарымен App Store-ға, iCloud-қа, электрон поштаға, браузерге кіре алмай қалуы мүмкін. Себебі бұл функциялардың барлығы күн мен уақытқа байланысты.
іPhone 5 пайдаланушыларына 3 қарашаға дейін бағдарлама жасақтамасын жаңартпаса, кейін деректердің резерв көшірмесін жасау қажет болатыны туралы хабарлаған. Оны Mac немесе Windows компьютерлері арқылы қалпына келтіруге болады. Себебі одан кейін iCloud-тың резерв көшірмесі мен бағдарлама жасақтамасы сымсыз жасалмай қалады.