Шара барысында күй дүлділі хақында түсірілген «Күй өнерінің алтын жұлдызы» атты бейне фильмнің үзіндісі көрсетілді. Фильмнің толық нұсқасы ертең аймақтық тарихи-өлкетану музейінде көрсетіледі. Жуырда республикалық және облыстық телеарналардан берілмек.
Сонымен қатар, Қаршыға Ахмедияровтың «Күй-толғау» атты монографиялық кітабы көрерменге таныстырылды. Композитордың жұбайы құрастырған бұл кітаптың редакторы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Кәрима Сахарбаева.
Сөз алған күйшінің жұбайы Нұрбике Жұмағалиқызы естеліктерімен бөлісіп, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа Қаршыға Ахмедияровтың домбырасын сыйлады.
«Осы кешті ұйымдастырғаныңыз үшін, қазақ өнеріне көрсетіп келе жатқан қолдауыңыз үшін сізге мінгізген атым болсын – Қаршығаның өмірінің соңында жасатқан домбырасын ұсынамын», — деді Нұрбике Жұмағалиқызы. Ол сонымен қатар, Нұрлан Ноғаевқа күйшінің туындалары түскен күйтабақ пен композитордың «Күй-толға» атты кітабын сыйлады.
Алқалы жиында сөз алған облыс басшысы Қаршыға Ахмедияровтың музыкалық жәдігерлерін сақтап, насихаттау әрбір азаматтың міндеті екендігін айтты.
«Бір адам елге қызмет атқарса, осы ағамыздай атқарсын. Қаршекең қазақ домбырасын бүкіл әлемге таныстырған тұлға. Біріккен Ұлттар Ұйымында, Нью-Йорктегі «Карнеги Холда», Вашингтондағы «Кеннеди» орталығында, одан қала берді басқа да алыс-жақын елдерде қара домбыраның үнін әуелетті. Жыр семсері Махамбеттің оннан астам күйін әкеліп қосты. 500-ден астам күйді күйтабаққа түсірді. Артына өшпес із қалдырған Қаршыға Ахмедияровтың шығармаларын насихаттау біздің міндетіміз», — деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кетелік, бүгін, 12 қазанда Атырауда Қаршыға Ахмедияров атындағы «Күй-Ұран» I Республикалық жеке домбырашылар байқауы басталды. Бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар қатысып жатыр.