Басты бетҚоғамЗайырлы қоғам...

Зайырлы қоғам және жастар

Бұл дәрістердің негізгі мақсаты — қоғамдағы дінге қатысты мемлекеттің зайырлылық ұстанымын жастарға түсіндіру. Осы жылдың қыркүйегінен басталған шаралар екі ай аралығында қаланың оқу орындарын толық қамтыды. Мұндағы ерекшелік жұмыс тек қыз балалар арасында жүргізілді. Бұл таңдау да негізсіз емес. Себебі қыз болашақ ана, отбасының ұйытқысы. Бала тәрбиесіндегі басты жауапкершілік те әйелдерге жүктелетіндіктен олардың діни сауатын көтеру өте маңызды.

Мемлекет қоғамды басқару үшін қажет. Ал дін — қоғам санасының ең ықпалды формасы. Себебі дін — қоғамда тарихи қалыптасқан адамзаттың сенімі, рухани құндылығы. Сондықтан кез келген мемлекеттік басқару дінмен санасуға, онымен тығыз қарым-қатынас жасауға тырысады. Мемлекет дінді жоққа шығарған жағдайда қоғам рухани тоқырауға ұшырайды. Оған 70 жыл өмір сүрген Кеңес өкіметінің саясаты дәлел болады.

Қазіргі Қазақстан үшін де дін тақырыбы қоғамымызда күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Дін арқылы елді біріктіруге де, бұзуға да болады. Осыған орай діни экстремизм, діни терроризм ұғымдарына байланысты жастарға жан-жақты түсінік берілді.

Жалпы «діннің» біріктіруші қызметімен экстремизм, терроризм ұғымдары мүлде ақылға сиымсыз екені, дін – адамға адамгершілікті, ұлттарға бірлік пен тұтастықта өмір сүруді үйрететіндігіне баса назар аударылды.

Әйтсе де қоғамда діннің атын жамылып діни уағыздар жүргізу арқылы, әсіресе жастарға теріс сенімдер мен мәдениеттерді тықпалау арқылы олардың саналарын улайтындығы туралы дәлелдер келтірілді.

Әр дәріс сайын жастарға 2011 жылы 25 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңмен таныстырылып отырды. Егер діни ағымдар қоғам мүшелеріне физикалық немесе психологиялық зардап көрсетсе немесе мемлекеттің ұлттық бірегейлігі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірсе ол діни ағымға тыйым салынып, басшылары мен мүшелері заңға сай жауапқа тартылатындығы туралы хабардар етілді.

Қарлығаш Борбасова

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры