Президент қызмет барысында қаза тапқан инспекторды наградтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Охотзоопром» өндіріс бірлестігі Қызылорда өңірлік филиалының инспекторы болған Әділ Кенжеғұловты III дәрежелі «Айбын» орденімен наградтады.

Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының инспекторы Әділ Шарапатдинұлы Кенжеғұлов ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталсын (марқұм), — делінген жарлықта.

2019 жылдың 25 қазаны күні Қызылорда облысы Жалағаш ауданы аумағында  «Охотзоопром» инспекторы жол апатынан қайтыс болған еді. Ол браконерлер мінген «УАЗ» автокөлігінің соңына түскен. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, тәртіп бұзушылар ұсталды, олар жергілікті тұрғындар болып шықты.

Еске салайық, бұған дейін Президент Ақмола облысында браконьерлер қолынан қаза тапқан орман инспекторы Қаныш Нұртазиновті І дәрежелі «Айбын» орденімен және браконьерлер оғынан аман қалған Самат Оспановты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградтаған еді.