Мүфтияттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Рухани құндылықтар — қоғам бірлігінің негізі» тақырыбындағы форумда бірнеше құжат, соның ішінде діни рәсімдердің бірыңғай тізімі қабылданды.

Тарихымызға зер салып қарайтын болсақ, біздің халқымызда «ахунд», «қалпе», «ишан» деген діни лауазымдар болған. Әрқайсының атқаратын діни қызметі бір болғанмен саласы, яки мақсаты мен болмысы әртүрлі. Осы ретте біз діни рәсімдердің тізімін әзірледік. Бала шыр етіп, дүниеге келген сәттен бастап, оған берген батамыз бен айтқан азанымыздан бастап, кісі дүниеден қайтқанға дейін атқаратын діни рәсімдерді тізбелеп шықтық. Тізім әрбір діни қызметкердің жұмысын нақтылайды, — деді бас мүфти Серікбай Ораз.

Серікбай Ораз
Фото: Мuftyat.kz

Форумда бекітілген тізімге 45 діни рәсім енді. Олар:

1) сәбиге ат қою;

2) бата беру;

3) сүндет тойдың батасын беру;

4) құрбандық батасын беру;

5) сапар батасын беру;

6) Құран үйрету;

7) азан айту;

8) бес уақыт намазды өткізу;

9) жұма намазын өткізу;

10) тасаттық (истисқа) намазын өткізу;

11) күн тұтылу (кусуф) намазын өткізу;

12) Рамазан айындағы діни рәсімдерді атқару;

13) ауызашарда Құран оқу мен бата беру;

14) тарауық намазын өткізу;

15) Қадір түнін өткізу;

16) иғтикафты өткізу;

17) Ораза айт намазын өткізу;

18) зекетті түсіндіру және ұйымдастыру;

19) пітір садақасын түсіндіру және ұйымдастыру;

20) садақа әдептерін түсіндіру;

21) ұшырды түсіндіру және ұйымдастыру;

22) қажылық рәсімдері;

23) ихрам;

24) арапада тұру;

25) тауап;

26) жамаратта тас ату;

27) сағи жасау;

28) Құрбан айт намазын өткізу;

29) діни неке қию;

30) уағыз айту;

31) пәтуа беру (шығарылған пәтуаны таныстыру);

32) мәуліт оқу;

33) дем салу;

34) иман үйіру (талқин);

35) оң жаққа жатқызу;

36) арулау (мәйітті жуу);

37) кебіндеу;

38) жаназа намазы;

39) жерлеу;

40) зиратты тазалау;

41) асқа қатысу;

42) құран бағыштау,

43) мешітке келгендерге Құран оқу;

44) қабір басына барып Құран оқу;

45) хатым-Құран оқу.

Наиб мүфти Ершат Ағыбайұлының айтуынша, қазіргі уақытта діни рәсімдерге қатысты келеңсіз жағдай болып жатады. Дін қызметкерлері кейбір рәсім имамның қызметіне кірмейді десе де, адамдар түсінбей кінә тағады екен. Бұған қоса, мешітке қатысты жоқ адамдар діни рәсімдерді атқарып, жұртты шатастырып жүр. Соның салдарынан дін қызметкерлері мен исламға қатысты кереғар пікір қалыптасады.

Діни рәсімдер тізімі — заманның талабынан, қоғамның сұранысынан туындаған тарихи құжат. 45 тармақты рәсімдерді шектеу деп түсінбеуіміз керек. Әлбетте, діни рәсім өте көп. Алайда біз қоғамға ең керегін, ең көп орындалатынын алып отырмыз. Болашақта заман талабына сай, қажеттілікке орай қайта жасақталуы да мүмкін екенін ескергеніміз жөн, — дейді Ершат Ағыбайұлы.

Мүфтияттың діни білім және кадр бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Әліпбекұлының айтуынша, діни қызметкерлердің барлығы бірдей рәсімді өткізе бермейді. Мысалы, Нұр-Сұлтанның, Алматының, Шымкенттің және облыстардың бас имамдары барлық рәсімді атқара береді. Ал қала мен ауданның бас имамдары пәтуа беруден басқа рәсімдердің барлығын атқара алады.

Наиб имамдар екі айт намазы мен жұма намазын бас имамның рұқсатымен ғана өткізе алады. Ал пәтуа беру рұқсат етілмейді. Қалған рәсімнің барлығын атқарады. Директор мен ұстаздарға азан айту, бес уақыт намазға иман болу, жұма намазын өткізу, тарауық намазын өткізу, екі айт намазын өткізу, жаназа рәсімдері мен мешітте Құран оқу бас имамның рұқсатымен болса, пәтуа беруге рұқсат етілмейді. Ал енді азаншыға екі айт намазын, жұма намазын өткізуге және пәтуа беруге рұқсат жоқ. Бес уақыт намаз, тасаттық, жаназа намаздарын өткізу, Рамазан айының рәсімдері, діни неке қию, уағыз айту, мешітке келгендерге Құран оқу бас имамның рұқсатымен ғана іске асырылады, — деді Бейбіт Әліпбекұлы.

Молдаға біраз рәсімді жасауға тыйым салынған. Соның ішінде бес уақыт намазды өткізу, жұма намазын өткізу, тарауық намазын өткізу, Қадір түнін өткізу, иғтикафты өткізу, Ораза айт намазын өткізу, садақа әдептерін түсіндіру, қажылық рәсімдерін түсіндіру, ихрам, арапада тұру, тауап, жамаратта тас ату, сағи жасау, Құрбан айт намазын өткізу, діни неке қию және пәтуа беру бар.

Құран үйрету, азан айту, тасаттық намазын өткізу, күн тұтылу намазын өткізу, пітір садақасын түсіндіру және ұйымдастыру, ұшырды түсіндіру және ұйымдастыру, уағыз айту, мәуліт оқу, дем салу, жаназа намазы мен асқа қатысу тек бас имамның, осы уақытқа дейінгі қызмет атқарған өкіл имамның рұқсатымен ғана жасалады. Басқа рәсімдерді молда өзі атқара береді, — дейді Бейбіт Әліпбекұлы.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!