2019 жылы 24 қазанда Женевада БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітуді жою жөніндегі комитетінде Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысанын жою жөніндегі конвенцияның Қазақстан Республикасының орындауы туралы баяндаманы қорғау өтті.
Қазақстан делегациясы құрамына Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Сыртқы істер, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, Үкіметтік емес ұйым өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл енді.
Қорғауда делегация басшысы, Әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ сарапшыларының назарына Әйелдердің қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік саладағы, әйелдерді кемсітумен күресудегі ролін жоғарылату бойынша ҚР Үкіметі, Парламенті және үкіметтік емес секторлары ортақ қабылдаған амалдары туралы баяндамасын ұсынды.
Делегация мүшелері Комитет сарапшыларының сұрақтарына жауап берді және Қазақстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша негізгі өзгерістер туралы ақпарат ұсынды, оның ішінде:
- гендер саясатын іске асыру бойынша іс-қимылды үйлестіру тетіктерін әзірлеу;
- барлық саладағы әйелдердің үлесін ұлғайту;
- бизнес ашуға, оның ішінде ауыл әйелдеріне арналған мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту;
- әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және тағы басқа.
Комитет мүшелері өздерінің сұрақтары мен пікірінде Қазақстанның Конвенцияны іске асыру мәселелерінде алға жылжығанын атап өтті.
Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша Қазақстан 2018 жылы гендер алшақтығы рейтингі бойынша 149 елдің ішінде 60-орынға ие болды. Оның ішінде білім алу бойынша 30-шы, әйелдердің экономика мүмкіндіктерін жүзеге асыру бойынша 32-орында тұр.
Комитеттің отырысы қарсаңында гендер теңдігі мәселелеріне баса назар аудара отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы талқыланған дөңгелек үстел өткізілді. Шарада Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанова, БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валовая, Бразилияның, Кореяның, Оңтүстік Африканың, Таиландтың тұрақты өкілдері сөз сөйледі.