Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапония императоры Нарухитоның таққа отыру салтанатына қатысты. Қазақстан Тұңғыш Президенті шарада White Tie дресс-коды бойынша киінген.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Жапония императоры Нарухитоның таққа отыру ресми салтанатты шарасына қатысты. Жапон тарапы аталған шараға орай тиісінше дресс-код бекіткен еді. Делегация басшыларын қоса алғанда салтанатты шараның барлық қатысушысы White Tie дресс-коды бойынша киінуге тиіс. Елбасы фракты бірінші рет киіп отырған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев барлық уақытта мұндай деңгейдегі шараларда бекітілген дресс-кодты ұстанады, — деп жазды ҚР Тұңғыш Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Елбасының Instagram-дағы парақшасында.
Нұрсұлтан Назарбаев Токиоға Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэнің арнайы шақыруымен император Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысуға барған еді. Сапар барысында ол екіжақты кездесулер өткізеді.