Жиынға Шығыс Қазақстанның қала мен аудандарынан жиналған 10 әскери-патриоттық топ қатысты. Барлық қатысушы — қалалық және аудандық кезеңдердің жеңімпазы.
Екі күн бойы қатысушылар саптық дайындық, физикалық нормативтерді тапсыру, автомат құрастыру мен бөлшектеу, әскерилендірілген кросс сияқты жарысқа қатысып, «Айбын дауысы» вокалдық фестивалінде өнерін көрсетті. Жиын аясында IQazaqstan зияткерлік ойыны мен робототехникадан «Менің роботым» атты сайыс өтті.
Бас жүлдені Семей қаласының «Жас қыран» әскери-патриоттық клубы, бірінші орынды Жарма ауданының «Жас сақшы» командасы, екінші орынды Зайсан ауданының «Айбын» командасы жеңіп алды. Үшінші орынды Өскемен қаласының «Жас бүркіт»командасы иеленді.
Әскери-патриоттық жиын Жастар жылы аясында өтіп жатыр. Басты мақсат-салауатты өмір салтын насихаттау, жастарға әскери-спорттық және техникалық дайындықты үйрету. Осындай іс-шараны өткізіп, біз болашақ Отан қорғаушыларымызды тәрбиелейміз. Әр команда жеңіске лайық, өйткені жиынға Шығыс Қазақстан облысының мықты топтары қатысты, — деді ШҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ришат Рамазанов.
Енді жеңімпаздар Республикалық әскери-патриоттық «Айбын» ойындарына дайындалады. Биыл Қарағанды облысында өткен «Айбын» республикалық жиынында Семейден барған топ жеңген еді.