Басты бетЖаңалықтарШығыс Қазақстан облысында әскерилер арнайы тактика жаттығуынан өтті

Шығыс Қазақстан облысында әскерилер арнайы тактика жаттығуынан өтті

Арнайы тактика жаттығуы кезінде бөлімшелер арасында жауынгерлік атыс ұйымдастырылды. Ақтық кезеңге облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев және өңірге қарасты қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты. Нәтижесінде әскерилер «Взвод қорғаныста» аумақтық бөлімінің барлық талабын орындады. Әскери жиын Ахмердегі полигонда өтті.

Шығыс Қазақстан облысындағы жұмылдыру басқармасы мен әкімнің әскери қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі көмекшісі Әділет Сақауовтың ұйымдастыруымен қала және аудан әкімдеріне, аумақтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне арналған теориялық сабақ өтті. Онда қатысушыларға мобилизацияланған дайындық пен аумақтық қорғанысты қалай дұрыс жүргізу керек екені түсіндірілді.

Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Қайырбек Қайрқанов ҚР Қарулы күштерінде жедел әскери қызметін өтеу сынды басқа да тақырыптар бойынша дәріс оқыды.

Арнайы тактика жаттығуының өтуіне ҚР Ұлттық гвардиясы, ШҚО төтенше жағдайлар департаменті мен денсаулық сақтау басқармасы қолдау көрсетті. Аталмыш құрылымдар мина-жарылғыш бөгеттерді табу, жаралы жауынгерді ұрыс алаңынан әкету, қойма маңындағы өртті ауыздықтауға жұмылдырылды. Әскерилер атыс және тактикалық ұрыс сабақтарына қатысты. Сонымен қатар жауынгерлік білім мен қаруды дұрыс ұстау қабілетін шыңдап қайтты. Әскери жиын әскерилерді қорғаныс нысандары мен тапсырмаларды бірлесіп орындауға үйретті.

Жиын ҚР Қорғаныс миинистрлігінің жоспарына сәйкес жүргізілді. Сонымен қатар ШҚО әкімдігінің қаулысына орай жергілікті атқарушы органдармен және 99230 әскери бөлімшесінің қызметкерлеріне арналған арнайы тактика жаттығуы өтті. Оған аумақтық қорғаныс бөлімшесінен келген 88 әскери қызметкер қатысты. Жиын соңында үздік нәтиже көрсеткен әскерилерге грамота табысталды.