Фильмде сексенінші жылдардың соңындағы Алматы өмірі көрсетіледі. Басты кейіпкер Әрсеннің отбасы қала шетінен орталыққа көшіп келеді. Жаңа мектептегі енді үйреніп келе жатқан бозбала жоғары сынып оқушылары арасындағы «ауданға бөліну» жүйесін байқайды. Хабиб және Азамат есімді достар тауып, қылмыстық әлемнің шырмауына тап болады.
«Көрермендер бұл фильмдегі интерьер, экстерьерлер арқылы сексенінші жылдардың аурасын сезіне алады. Тұрмыстық заттар, автокөліктер, кейіпкерлердің костюмдері, бәрі-бәрі сол кезеңнен сыр шертеді.
Ойға алған жобамызды барынша шынайы баяндауға тырыстық. Дәл осы тақырыпта жұмыс істегенімізге қуаныштымыз. Мен өзім алматылық болмасам да, сол жылдардағы Алматы маған көбірек ұнайды» дейді Ақан Сатаев.
«Районы» фильмінде жаңа актерлер бой көрсетеді. Кастинг директоры Жайна Әбдиева талантты жас әртістерді екі ай бойы іріктеген. Нәтижесінде, басты рөл Елтеріс Нұржановқа бұйырған. Одан бөлек, Шәріп Серік, Санұржан Сүлейменов, Нұржигит Қалдыбеков, Данияр Әлшінов, Мәриям Сатаева, Жеңіс Омаров, Әсель Сағатова, Жандос Айбасов, Жанна Қуанышева және Гүлнара Досматовалар да ойнайды.
Сценарий авторы – Тимур Жақсылықов;
Қоюшы-оператор – Хасан Қыдырәлиев;
Қоюшы-суретші – Нәзира Байбекова;
Костюм суретшісі – Елена Рубанова;
Композитор – Әлим Зайыров;
Продюсерлер – Ақан Сатаев, Ернар Құрмашев және Әлия Меңдіғожина.
Естеріңізге сала кетейік, Ақан Сатаев осыдан біраз уақыт бұрын «Анаға апарар жол» фильмін шығарған еді. Туынды «Еуразийский мост» кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.