Кездесуде туризмді және «ақылды қалаларды» дамыту, Қазақстан қалаларының бәсекеге қабілетін арттыруға жоғары технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.
Форумның ашылу салтанатында Асқар Мамин бүгінде туризм үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 10%-і, инвестициялардың 7%-і, жұмыс орындарының 10%-і және барлық салық түсімдерінің 5%-і тиесілі екенін айтты.
«Қазақстанның туристік секторы 10 жылда орта есеппен 7%-ке өсті. Бұл экономиканың қалған бөлігіндегі өсу қарқынынан шамамен 3%-ке жоғары. Туризм біздің әртараптандыруымыздың маңызды факторларының біріне айналды. Бұл салада өндірілген ЖІӨ үлесі екі есе. 2018 жылы 6%-ке дейін өсті, — деді Асқар Мамин.
Сонымен қатар Премьер-Министр Қазақстанның 2019-2025 жылдарға арналған туризм жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны қабылдағанын айтты. Бағдарлама туризмнің ЖІӨ-дегі үлесін 8%-ке дейін арттыруды және оны экономиканың жетекші бес саласының біріне айналдыруды қарастырады.
Жобаны іске асыруға шамамен 4 миллиард доллар бағытталады. Оның 70%-тен астамы — жеке инвестиция. Туристік секторда жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың санының өсуі 50%-ке, яғни 650 мың адамға дейін артады деп жоспарланып отыр. Шетелдік туристер үш есе артып, барлығы 9 миллион адамнан асады. Бұл Қазақстанды бәсекеге қабілетті 50 туристік елдің қатарына қосады.
Қалалық туризмді дамытудың негізгі орталығы — Нұр-Сұлтан. Ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жоспарын іске асыру барысында соңғы 20 жылда экономикалық, қаржылық, көлік және мәдени орталықтардың біріне айналды. Қаланың еліміздің ЖІӨ-не қосқан үлесі 10%-тен асады. Елорданың негізгі капиталына салынған инвестициялар 26 есеге артып, 9 триллион теңгеден асты.
Қалалық туризм бойынша жаһандық саммит жылына бір рет, БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының талаптарына сәйкес таңдалған қалада өтеді. Шараның тақырыбы — «Ақылды қалалар, ақылды бағыттар». Оған әлемнің 30 елінен 700-ге жуық адам, туризм индустриясының мамандары, Индонезияның қоғамдық жұмыстар және тұрғын үй құрылысы министрі, Анкара, Таллин, Исламабад, Қазан, Ташкент, Самарқанд, Токмок мэрлері, Малага, Хельсинки, Бангкок және тағы басқа елдердің вице-мэрлері қатысады.
Қазақстан астанасы 2018 жылдың мамырында UNWTO мүшелері бағдарламасының құрамына қосылды. Бұған дейін форум туризмнің даму деңгейі әлемдік көрсеткіштерден асатын ірі қалаларда өтті. Атап айтсақ: Ыстамбұл, Мәскеу, Барселона, Марракеш, Люксор, Куала-Лумпур, Сеул.