Басты бетЖаңалықтарВице-премьер: Мектеп...

Вице-премьер: Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс әлсіреп кетті

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағандының педагогика қоғамдастығымен кездесті. Кездесуге еңбек ардагерлері, мұғалімдер, ЖОО ректорлары және білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Бердібек Сапарбаев педагогтарды келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтады. Ол оқытушылардың күнделікті еңбегі үшін алғыс айтты және ардагер ұстаздарға құрмет білдірді. Бердібек Сапарбаев Қарағандының 8 мұғаліміне Премьер-министрдің алғыс хатын тапсырды.

Бердібек Сапарбаев педагогтарды қолдау үшін мемлекет қандай шара қолданатыны туралы айтты.

Бүгінде еліміздің мектептерінде материалдық-техника базасы жақсарды. Тәуелсіздік жылдарында 1000-нан астам мектеп салдық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Елімізде білім сапасы жақсарды. Жастарымыз халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы мен жүлдегері атанып жатыр. Біздің міндетіміз — балаларға қосымша білім беру және олардың рухани дамуын ұмытпау. Бұл ретте мұғалімнің рөлі өте маңызды. Біз, өкінішке қарай, тәрбие жағынан қалып барамыз. Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс әлсіреп кетті. Елімізде рухани мұра бойынша сабақтар өткізу жоспарда бар, — деді Бердібек Сапарбаев.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагогтардың мәртебесі туралы» жаңа заң жобасы жөнінде айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында педагог мәртебесінің маңызын атап өтті. Бұл заң жобасы көп өзекті мәселені шешуге көмектеседі, — деді Асхат Аймағамбетов.

Министр мектеп және мектепке дейінгі білім берудегі жаңалықтар және колледждердің дамуы туралы айтты.

Бірінші міндет — үш тілді білім беру. Мектептердің дайындығына қарай төрт пән ағылшын тілінде оқытылады. Ағылшын тілін оқушылар 2, 3-кластан бастап немесе ата-анасының қалауымен 5-кластап оқиды. 12 жылдық білімге көшудің үш нұсқасы қарастырылады. Сонымен бірге Президент балаларды мектепке жеткізу мәселесін шешуді тапсырды. Қазір біз осы сұрақтың шешу жолдарын іздеп жатырмыз. Колледждерге келетін болсақ, онда оқу бағдарламаларын өзгерту және WorldSkills элементтерін енгізу қажет. Бұл колледждердің дамуына қуатты серпін береді, — деді Асхат Аймағамбетов.

Кездесу диалог форматында өтті. Оқытушылар министрге сұрақ қойды. Оларды педагогтарды аттестаттау, білім беру саласын қаржыландыру, жекеменшік мектептерді салу және пайдалану мәселелері мен білік арттыру курстарын төлеу қызықтырды.