Айтыскер ақын Жарқынбек Наушабеков өмірден өтті. Бұл туралы «Айтыскер» ақпараттық порталы хабарлады.
Жарқынбек Наушабеков 1976 жылы 12 қаңтарда қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтты бітірген.
Ол айтыс өнеріне мектеп жасынан араласқан. 1992 жылы Шымкентте облыстық жас ақындар айтысының бас жүлдесін жеңіп алған. Республикалық, халықаралық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы. 2008 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысының ең үздік айтыскер ақыны» номинациясын иеленген. «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен наградталған. Өмірінің соңғы кезеңдері Сарыағаш аудандық Тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры қызметін атқарды.