Нұр-Сұлтанда мемлекеттік органдар бизнес-қауымдастық алдында есеп берді

Кездесуде «Ютария» компаниясының директоры Сәуле Шәуенова салық органдары осы кәсіпорын мен Нұр-Сұлтанның индустриал паркіндегі басқа кәсіпорындардың соңғы 5-6 жылдағы салық көлемін есептегенін айтты. Нәтижесінде шағын және орта бизнес өкілдері он, жүз миллион теңге шамасында төлейтін болып шыққан.

Мұндай қатеге жол берген мемлекеттік органдарды да жауапқа тарту керек. Бұл кемшілік уақытында анықталса, салықты сол кезде төлер едік. Қазір 5-6 жылдың қорытындысы бойынша 60, 100 миллион теңге салық төлеу керек болып тұр. Біз оны қайдан аламыз? Бизнес бір айдың салығын төлемесе, барлық жылдағы айыппұлды есептеп, кәсіпорынның жұмыс істеуіне тыйым салады, — деді Сәуле Шәуенова.

Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Малика Бектұрова бұл мәселеге байланысты кәсіпорынның наразылығын қолдады.

Индустриал паркінде қазір жұмыс істеп тұрған 49 кәсіпорын бар. Бұл мәселені отырып, ақылдасып шешу керек. Себебі салық көлемі 300 миллион теңгеге тең болған кәсіпорындар да бар. Кәсіпкерлер дұрыс айтады. Салық органдары осы уақытқа дейін қайда болды? Олар уақытында қалай тексерген? — деді Малика Бектұрова.

Кәсіпкерлер сәулет және қала құрылысы жұмысындағы, салық төлеушінің электрон кеңсесіндегі жүйелік ақауға қатысты жер учаскелерін беру мәселесін көтерді. Олар ақаудың себебінен уақтылы есеп беру қиындық туғызатынын айтты.

Кездесуде мемлекеттік кіріс департаментінің, тауар, қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімінің, қалалық қоршаған ортаны бақылау және сапа департаментінің, басқа да мемлекеттік органдар басшылары атқарылған жұмыс туралы есеп берді.

ДереккөзAtameken.kz