Бостандық ауданында Іsker ana жобасы іске асып жатыр

Бостандық ауданының 86 көпбалалы отбасы "Бақытты отбасы" орталығында кеңес пен әлеуметтік көмек алды. Бұл туралы Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов айтты.

Алтай Рахымбетов
Алтай Рахымбетов. Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Оның айтуынша, ауданда тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөлінеді. “Бақытты отбасы” отбасын қолдау орталығы ашылып, Іsker ana жобасы жүзеге асып жатыр.

Жоба аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 8 адам “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының “Бизнес бастау” курсына жіберілді. Қазаннан бастап тағы 60 адам оқытылады. Қазіргі уақытта Бостандық ауданында 1234 көпбалалы отбасы бар. Оның 86-сы “Бақытты отбасы” орталығында әлеуметтік көмек пен кеңес алды, – деді Алтай Рахымбетов.

Әкім 375 отбасына алғашқы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленгенін айтты. Оның 249-ы көпбалалы отбасы. Оған қоса аудан кәсіпорындарымен бірлесіп 269 көпбалалы отбасына қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған.