Дисклеймер: Бұл материал оқырманды порноконтент тұтынуға, ересектерге арналған видеороликтер қарауға үгіттемейді. Автор тек осы саланың адамзат өркениетінің, цифрлық технологиялардың дамуына қалай ықпал еткенін сөз қылады.

Жалпы, жаңа технологиялар мен жарық көрген жаңалықтар жарияға жар салып, қалың бұқараға таныстырылғанға дейін үлкен-кіші сынақтардан өтеді. Мұнда компанияларға екі саланың мамандары көмекке келеді, оның бірі — әскерилер, екіншісі — порноиндустрияның «жілігін шағып, майын ішкендер».

Осы күні көзіміз үйреніп, күйбең тірлігіміздің ажырамас бөлігіне айналған көп технология бір кездері не порнографияда «тестіленіп», кем-кетігі түзетіліп, жетілдірілген, не сол ортада пайда болып, кейін жалпақ жұрттың қолданысына көшкен болатын.

Коул Брайони атты сарапшының сөзіне сенсек, 2020 жылы айналымы 20 миллиард доллардан асатын порноиндустрия цифрлық дәуірге дейін де өркениеттің дамуына үлес қосып келе жатқан еді. Ал компьютер мен интернет пайда болған соң бұл сала IT-революцияның көшін бастағандардың бірі атанды.

Бүгінгі мақалада осыған бірнеше мысал келтіре кетейік.

«Мария ұйықтайын деп жатыр»

Ағайынды Люмьерлер түсірген, адамзат тарихындағы тұңғыш киноленталардың бірі жарық көрген соң жылға жетер-жетпес уақыт өтісімен 1896 жылы қараша айында Парижде Le Coucher de la Mariée («Мария ұйықтайын деп жатыр») атты эротикалық фильм түсірілді. Кейбір маман адамзат тарихындағы ең алғашқы порнофильм дәл осы болды деп нықтайды.

Фильм кадры

Бірақ бар болғаны 7 минутқа созылған туындының құндылығы бұл атақта емес-ті. «Мария ұйықтайын деп жатыр» өз заманында үлкен дүрбелең туғызып, кинематограф процесін біраз іргелілетіп тастады. Ол заманның «спилбергтері» мен «тарантинолары» екі минуттан артық фильм түсіра алмайтын. Біріншіден, көрермен тапжылмай отырып кино қарау қасиетін әлі меңгере қойған жоқ. Екіншіден, технология тұрғысынан қиындау еді. «Мария» осы екі мәселені де шешіп тастады. Жас келіншектің ұйқыға дайындалып, шешінгенін көру үшін ХІХ ғасырдың адамы 7 емес, 70 минут отыруға дайын еді. Бұл құрал-жабдықтарды пайдалануға өзгеріс енгізді: осыншама «ұзақ» киноны қою үшін механиктерге екі проекторды қатар қоюға тура келді — біріншісінде лента біткенде екіншісі экрандағы оқиғаны ары қарай іліп әкетуі тиіс болды. Айтпақшы, бұл әдіс әлі күнге қолданылады. И-инновация.

Технология шайқасы: Порно сенің жағыңда болса, жеңімпазсың!

1. Betamax пен VHS

80-жылдары видеомагнитафон кеңінен таралып, үлкен сұранысқа ие болды. Бұл кезде осы құрылғыға арналған кассеталар нарығында Betamax-тың айдарынан жел есіп тұрған болатын. Себебі технология тұрғысынан бұл формат бәсекелестерінен әлдеқайда озық еді. Алайда бағасы қымбат болатын және шығарушы компания порнофильмдерді басып шығаруға қарсы шыққан-ды. Ақыры Ересектерге арналған фильмдердің американ қауымдастығы атты ұйым жиын өткізіп, «Бұдан былай тек VHS-форматпен жұмыс істейміз» деп шешім қабылдады. Видеокассеталарға басылған контенттің 50%-і порно бағытта болғандықтан мұндай қадам үйде қолдануға арналған Betamax-тің түбіне жетті. Айналдырған екі-үш жылдың ішінде VHS-формат видеомагнитафонмен бірге төрге шығып, нарықты толықтай жаулап алды.

2. DVD және Laserdisk

90-жылдары DVD және Laserdisk атты екі формат іркес-тіркес қатар шыққан болатын. Алайда соңғысы нарыққа араласып, ел игілігіне жарап та үлгермеді. Ә дегеннен-ақ жоғарыда сөз болған ересек фильмдер қауымдастығы «Біз DVD-мен жұмыс істейміз» деп мәлімдеді. Ақыры Laserdisk сол көпке таныстырылмаған күйі тарих қойнауына еніп, жоқ болды.

3. Blu-ray және HD DVD

Төрт жылдан астам уақытқа созылған бұл соғыста алғаш кезде HD DVD жеңіп бара жатқандай болған. Форматты ойлап тапқан Toshiba бастап, NEC, Sanyo, Microsoft сияқты алыптар қостаған HD DVD арзан болуымен, қолайлы екенімен аты шыққан-ды. Алайда порно өндірушілер «Бізге керегі Blu-ray» деуі мұң екен, бір жарым жылдай уақыт ішінде жеңімпаз анықталды. Кім екенін ішіңіз сезіп отырған болар.

Трафик тарту

Қолданушыларды түрлі контентпен арбап, бір сайттан бір сайтқа жетелеп жүре беруді де ойлап тапқан осы порно мамандары еді. Агрегаторлар мен жарнама сервистері пайда болмай тұрғанда-ақ «Қайтсем, маған адам келеді» деп жалмаңдаған IT-шілер прото-әлеуметтік желілерді де іске қосты, диджитал-маркетинг пен серіктес материал, кликандер, ақылы жазылым, ақшаға жарнаманы өшіріп қою сияқты контентті монетизациялаудың алуан түрлі әдісін де меңгеріп, барынша пайдаланды. Мәселен, 90-жылдары әлдебір порносайтқа тіркеліп, кейін кірмей кетсеңіз, электрон поштаңызға «Сізді жоғалтып алдық, оралыңыз, сізге біздің сайтты және тағы үш сайтты тегін пайдалану мүмкіндігін берейік» деген сияқты хаттар келетін.

Айтпақшы, зияткерлік меншік пен авторлық құқық саласындағы заң-зәкүндердің жазылып, жетілуіне де осы порноиндустрия аз үлес қосқан жоқ. Себебі торентке жүктелетіні бар, дискке басылатыны бар – түрлі қарақшылық, заңсыз жолмен таралатын фильмдерді бақылауда ұстау керек болатын.

Видеочаттар

Скайптан бастап дискортқа дейінгі алуан түрлі видеочаттың «арғы аталары» әу баста «Корпоратив қызметкерлер бір-бірімен байланысып, ыңғайлы түрде сөйлесе алсыншы осы» деп ойлап табылған жоқ. Ересек адамның ақша төлеп (әлде төлемей) жартылай жалаңаш (әлде тыр жалаңаш) модельдермен жеке әңгіме-дүкен құруын жеңілдетуді мақсат тұтты. Бұл инновация тек бағдарламалау жағын қамтыған жоқ, қосымша компьютер бөліктерінің, мәселен, уеб-камералардың пайда болуына да алып келді.

Кейін барып үлкен компаниялар бұл жаңалықты жаппай қолданысқа енгізді. Нәтижесінде біз бүгін бір шертіп басқа қаладағы қолданушымен бетпе-бет байланыс орнатып, видеоконференцияларға қатысып, уебинар қараймыз, тікелей файл алмаса аламыз (иә-иә, бұл да — порноның жаңалығы).

Онлайн-төлемдер

90-жылдардың ортасында Electronic Card Systems атты компания Интернетте кредит карталармен төлем жасау мүмкіндігін қосып, ақша ала бастады. Әрине, оған себеп болған жабық парақшалардағы порноконтент еді.

Ал ересектерге арналған видео қарау үшін ақша төлеттіретін ең алғашқы сайтты 1995 жылы порноактриса Дэнни Эш ашқан екен.

Сондықтан қазір Интернет арқылы пицца ақысын жылдам төлеген кезде басқа емес, осы Electronic Card Systems-ке алғыс білдіре кетсеңіз болады.

Видео-streaming

YouTube-тің қарасы да көрінбей тұрған кезде, яғни 1994 жылы Red Light Distric атты голландиялық порнокомпания видеороликтерді онлайн түрде трансляциялаудың ең бірінші жүйесін қосты. Бұл технология біртіндеп басқа +18 сайттарға өте бастайды. Интернет жылдамдығы өте төмен болған соң стримде жүріп жатқан видеоны барынша анық көрсету үшін алуан әдіс қолданып, жаңалықтар ашылды. 28,8 кбит/с жылдамдығы бар модемге қосылған клиенттің көңілін табу үшін бағдарламалық қамтамасыздандыру қатты дамуға «мәжбүр» болды.

Қазіргі YouTube, Twitch сияқты ресурстардың, трансляция жүргізіп, донатқа күн көретін стримерлер қызметінің түп-тамыры, міне, сол кезде басталған болатын.

Үздіксіз даму

Порноиндустрия бұл аталғандармен тоқтап қалған жоқ. Бұдан бөлек, аяқталған, жүріп жатқан, енді басталған алуан түрлі процесс бар. Ересектерге арналған сала цифрлық әлемдегі кез келген жаңалыққа бей-жай қарамайды. Сайттарды бір қолмен басқаруға болатындай етіп қолайлы ету, медиафайлдарды алдын ала жүктеп қою, юзердің келесі қадамы қандай болатынын болжау, рейтинг белгілеу, пікір алмасу жүйесін қалыптастыру, қолданушының талғамына және тұтынатын видеороликтеріне қарай ол көрмеген контент ұсыну – осының бәрінде порноиндустрия майданға бірінші болып кіріп, сынақтан өткізіп, жоқ-жітігін түгендеді. Ал қазір VR-технологиялар бойынша көштің басында жүр: 3D 360 градустағы және POV-форматта түсірілген контент қалай болады, оны иіс, тактил сезімдермен толықтыру керек пе, тікелей стрим жасаудың мүмкіндігі бар ма – бұл сұрақтардың жауабын жақын арада ең бірінші болып +18 медиа береді. Тек сәл күту керек.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!