Нұр-Сұлтанда шағын және орта бизнеспен айналысатындардың саны 5 есе өсті

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында шағын және орта бизнестің қала мен ауылды дамытудың негізі екенін атап өтті. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, отандық бизнесмендер әлеуметтік нысандардың ашылуына ерекше көңіл бөле бастаған.

Қалада жекеменшік балабақша саны артып келеді. Қазір бізде 213 жекеменшік балабақша, 14 жекеменшік емхана мен 23 мыңға жуық оқушыға білім беріп отырған мектеп бар, — деді Алтай Көлгінов.

Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қала әкімдігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Бизнеске арналған үкімет» алаңын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл алаңда бизнесмендер «бір терезе» қағидаты бойынша барлық қажет қызметті ала алады.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін «1000 орын — көше саудасы» жобасы сәтті жұмыс істеп келеді. Жоба аясында 1,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 1 миллиардтан астам жеке инвестиция тартылды.

«Атамекен» өңірлік палатасының директоры Алмат Жүнісовтың айтуынша, «1000 орын — көше саудасы» жобасына қатысу үшін әлеуметтік осал топтарға сауда нүктелері беріледі.

Соңғы 10 жылда шағын және орта бизнеспен айналысатындардың саны 5 есе өсті. Бұл салада халықтың 60%-ке жуығы жұмыспен қамтылған. Өнім шығару көлемі 800 миллиард теңгеден 5 триллион теңгеге дейін артты, — деді Алмат Жүнісов.

Нұр-Сұлтан әкімі кәсіпкерлерді «Бизнеске арналған үкімет» алаңында жеке қабылдайды.