Талқылау алаңына Алматыдағы Urban Forum Kazakhstan жобасының басшысы Әсел Есжанова мен осы жобаның құрылтайшысы Әділ Нұрмақов қатысты. Олар «Урбанистиканың заманауи үрдістері», «Атыраудың жайлылығын зерттеу» тақырыптарында сөз қозғады.
«Таң» дамыту мен қолдау қорының эксперті Шынар Ізтілеуова «Қоғамға көпшіліктің араласуы мен жүргізілген талдау нәтижелері» тақырыбында қатысушыларға 2018 жылы жүргізілген талдау нәтижелерін түсіндірді. 300 адам қатысқан анализ қорытындысы бойынша, тұрғындардың 41%-і басқа қалаға көшкісі келетінін айтқан. 27%-і «көшкім келмейді» деп жауап берген. Ал қалғаны жауап беруге қиналады екен.
Урбанизация — Қазақстан үшін адами капитал мен әл-ауқаттың дамуын қамтамасыз етуші құралдың бірі. Ондай ортада халықтың әлеуетін дамытуға барлық жағдай жасалады және жаңа технологияларға, жаңа кәсiп түрлеріне бейімделу жылдам жүреді.
Спикерлердің айтуынша, қала құрылысы мен елді мекендерді дамыту барысында азаматтардың мүддесін ескеру қажет. Халықтың денсаулығы мен өмір сүру жайлылығын барлығынан жоғары қою керек. Ол үшін қалалық тіркеуге тұруды жеңілдету, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру қажет. Ғылымды дамытуға барша қалалық ресурстарды жұмылдыру да маңызды. Ірі елді мекендердегі құрылысқа арналған және ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жерлерді қатаң бақылауға алу қажеттігі де бар.
Шараны Азаматтық орталық ұйымдастырды. Талқылау алаңына қала тұрғындары, қала әкімдігінің өкілдері, еріктілер мен қала белсенділері, сарапшылар қатысты. Талқылау алаңының соңында «180 секунд ішіндегі қала» фильмі көрсетілді.