Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевты еске алу кешіне Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, қаламгердің замандастары мен жұбайы Клара Жұмабаева қатысты.
Қала әкімінің орынбасары жиналған қауымды жазушының мерейтойымен құттықтады.
Бүгінгі кеш шығармашылық қауым үшін өте маңызды. Әбіш Кекілбаев — үлгі тұтар тұлға. Сондықтан осындай әдеби кештерді өткізудің мәні зор. Мерейтойға орай қалада Әбіш Кекілбаевтың атына көше беріліп, өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Бұлар — ұрпақ жадында қазақтың біртуар тұлғаның есімін сақтауға бағытталған шаралар. Әбіш Кекілбаевтың қоғам қайраткері ретінде келбеті, асқар тұлғалы есімі ел есінде мәңгі сақталады. Барлық шығармашылық топқа жетістік тілеймін! — деді Ержан Бабақұмаров.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев мерейтойда өткізіліп жатқан шаралар жазушының туған жерінде жалғасатынын айтты.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында, қазақ пен әлем әдебиетінде, ұлт рухниятының мәдениетінде, мемлекет пен қоғамның қалыптасу, даму дәуірнамасында Әбіш Кекілбаевтың есімі мәңгі жазылған. Оны енді ешқандай уақыттың желі өшіре алмайды. Маңғыстаудай құтты түбекте туған Әбіш Кекілбаевтың құрметіне көрсетіліп жатқан Алматының зиялы қауымы мен жұртшылығына шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Қазан айында Маңғыстауда халықаралық деңгейде бірнеше шара өтеді, — деді Қаныбек Жұмашев.
Еске алу кешінде Әбіш Кекілбаевтың сөздеріне жазылған әндер шырқалып, қаламгердің өлеңдері оқылды. Елена Әбдіхалықова, Тамара Асар, «Қоңыр» және «Музарт» тобы өнер көрсетті. Мерейтой кешінің соңында жазушының жұбайы — Клара Жұмабаева Алматы әкімдігі мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.