Енді салықты Kaspi bank қосымшасымен онлайн төлеуге болады

«Жергілікті салықтар» жүйесі бойынша Kaspi bank-тің мобайл қосымшасына салық төлеу қызметі енгізілді. Бұл қадам «Салықтық әкімшіліктендіру жүйесін реформалау» жобасы аясында іске асты.

Kaspi.kz мобайл қосымшасының барлық қолданушысы ондағы «төлемдер» бөлімінен мүлік, жер және көлік бойынша салық төлемдерінің сомасын көре алады. Қосымша көмегімен төлемдерді комиссиясыз және жедел жүзеге асыруға болады. Kaspi.kz қосымшасын пайдаланушыларға төлемдер туралы ақпарат SMS және PUSH хабарлама түрінде жіберіледі.

Төлемдерді есептеу кезінде Жер ресурстарын басқару комитетінің «Мемлекеттік жер кадастры» ақпараттық жүйесі және «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорының мәліметі пайдаланылады.

Жер салығы мен мүлік салығы есебінің кейбір бөлігі түзетуді талап ететінін ескере отырып, Мемлекеттік кірістер комитеті жауапты органдармен бірлесіп, «Біріктірілген деректер базасы» ақпараттық жүйесі «Жергілікті салықтар» қосалқы жүйесін енгізу шеңберінде деректерді жаңарту бойынша жұмыс жүргізеді.

Қазіргі уақытта «Біріктірілген деректер базасы» ақпараттық жүйесінің «Жергілікті салықтар» қосалқы жүйесі сынақ кезеңінде жұмыс істеп жатыр.

Жеке тұлғалар салықтарды басқа да тәсілдермен төлей алады. Мысалы, екінші деңгейлі банктер бөлімшесінде, төлем терминалы арқылы қолма-қол ақшамен, банкомат пен  банк карталары немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтындағы электрон қызметтер көмегімен төлеуге мүмкіндік бар. Ал жеке тұлғалар ақпарат алу үшін 1414 нөміріне хабарласа алады.

Бұған дейін азаматтар eGov.kz порталында «Салықтар және қаржылар» — «Салық салу» — «Салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу» бөлімі арқылы және басқа да банктің мобайл қосымшалары арқылы салық төлей алатын еді.