Басты бет Жаңалықтар Алматыда Шәкен Айманов атындағы қазақ киносының музейі ашылды

Алматыда Шәкен Айманов атындағы қазақ киносының музейі ашылды

Дәл осы күні музейге Шәкен Аймановтың 100 жылдығы мен Қазақ анимациясының 50 жылдығына орай Ұлттық банк шығарған мерекелік күміс тиындар, "Қазпошта" жасаған тақырыптық маркалар табысталды.

Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Музей «Қазақфильм» киностудиясының аумағында ашылды. Алматы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, онда Шәкен Аймановтың қалпына келтірілген жұмыс орны, кинофильм кейіпкерлері киген костюмдер бар.

Киностудия президенті Арман Әсеновтің айтуынша, музейдегі жәдігерлерді өмірін кино әлемін дамытуға арнаған адамдар сақтап қалған.

«Қыз Жібектің» қоюшы-суретшісі болған Гулфайруз Исмаилова бас кейіпкердің камзолын, көйлегі мен сәукелесін сақтап, музейге тапсырған. Иван Зайцев көне кинотехникаларды алып қалған. Ал ескі фильмдердің афишаларын Меңтай Өтпебергенов сақтаған. Музей жәдігерлерінің жиналып, ашылуына Шәкен Аймановтың туыстары көп көмек етті, — деді Арман Әсенов.

Музейдің ашылуына Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев та қатысты.

Музейдің басты миссиясы — баға жетпес экспонаттарды көздің қарашығындай сақтап, оның бай тарихын халыққа жеткізу. Музей Алматы тұрғындарын ғана емес, қалаға келген шетел қонақтарын да қызықтыратынына сенімдімін, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Музейге аты аңызға айналған режиссер Сергей Эйзенштейннің камерасы, қазақ кинематографистерінің классигі Шәкен Аймановтың жеке заттары мен коллекциясы қойылған.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version