Шарада арнайы іріктеуден өткен спикерлер түрлі тақырыпта 18 минут сөйлейді. Басты талабы — спикердің идеясы таратуға лайық болуы керек. Бұл — ғылымды насихаттайтын платформа. Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Семей мен Ақтөбеде TEDx шаралары жыл сайын өтіп келеді. Ал биыл Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылды. TEDx өткізу үшін Американың TED қорынан лицензия алу керек. Оны қалай алғаны туралы TEDxOrdabasySquare командасының кураторы Айжан Ергешова айтып берді.
— Айжан, TEDx шарасын Шымкентте өткізу не себепті маңызды болды?
— Американың TED қорына да осыны дәлелдеуіміз керек еді. Сол үшін үш жыл уақыт кетті. 2014 жылы TEDxAlmaty шарасына қатыстым. Шара қатты ұнады. Өзім Шымкентте тұрамын. «Неге мұндай шара менің туған қаламда жоқ? Біз неге ұйымдастырмаймыз?» деген ой келді. Сонымен TED-ті зерттей бастадым. 2015 жылы Нұр-Сұлтанда 1 наурызда алғаш рет TEDxAstana өтті. Жұмыстан еңбекақысыз демалыс алып оған да бардым. Ата-анам жалғыз өзімнің боранды астанаға бара жатқанымды түсінбей әлек. Қазақстанға TEDx жобасын әкеліп, TEDxAlmaty-ны өткізген Лариса Пакпен таныстым. Ларисамен әңгімелескен соң сол жылы лицензия алып, TEDx-ты Шымкентте өткізетін болдым. Бірақ жанымда ешкім жоқ. Оның не шара екенін көп адам түсінбейді. Айналама айтып жүріп, орта қалыптастыруға тырыстым. Бірақ бізде тағы бір проблема пайда болды. 2015 жылға TEDxShymkent деген шараның лицензиясы бар болып шықты. Бір атауға екі лицензия берілмейді. TEDxShymkent-тің лицензиясын алған қыздың аты-жөнін біліп алдым. Facebook-тен тауып, командасына қосылғым келетінін, шара қашан өтетінін сұрап жаздым. Екі аптадай хат жазып жүрсем де, жауап келмеді. Ақыры бұл шара өтпей, сол жылғы TEDxShymkent лицензиясы күйіп кетті. Мұндай шарадан біздің қаланың да тыс қалмағанын, бізде де таратуға тұрарлық идеяның барын көрсеткім келген еді.
— Сізді TED қорына үш рет хат жазған деп естідім.
— Иә, 2016 жылы Америкаға Ted.com арқылы «көлдей» етіп тағы хат жаздым. Ұзынсонар application толтырдым. Енді тақырып таңдау керек. Ол кезде Шымкент туралы түрлі стереотип танымал еді. «Шымкенттіктер сондай, олардың таксилері мұндай» деген сияқты әңгімелер көп. Сол себепті «Таптаурындарды бұзу» тақырыбын алдым. Бірақ бұл өтінімім де өтпей қалды. Мәселе тақырыпта еді. «Шымкентте мұндай стереотип барын тек Қазақстан біледі. Ол әлемдік деңгейде емес» деген жауап алдым. Бастаманы жалғыз өзім көтеріп жатқанымды, оның дұрыс емес екенін түсіндім. Әлі де шара туралы білетінім аз екенін ұқтым. Келесі 1,5 жылым ақпарат жинаумен өтті. TEDxAstanaWomen-ге қатыстым. Әр TEDx-ке барған сайын спикерлермен бөлек, ұйымдастырушылармен бөлек танысамын. Ларисаға қайта-қайта барамын. YouTube-тен күніне бірнеше tedtalks қараймын. Маған идея керек болды. Сөйтсем, 1,5 жыл бұрынғы Айжан мен қазіргі Айжанның TEDx туралы түсінігі жер мен көктей болып шықты. 2018 жылы құрбым екеуміз отырып application толтыруға кірістік. Идея көп, алайда TEDx сахнасында айтылатындары таратуға тұрарлық болуы тиіс. Үш спикерді таныстырып, олардың не туралы айтатынын сипаттап беру қажет. Өтініштің әр сұрағын талдадық. Бізден бұрын TEDxShymkent-тің лицензиясы бола тұра өтпеуі аздап кедергі болды. Бұған дейін Шымкентте лицензиясыз TEDx шаралары өткен екен. Американдар оның бәрін білетін болып шықты. Былайша айтқанда, мұқият зерттеуді қажет ететін өтінім болып тұрмыз. 2018 жылдың 3 мамырында өтінімді толтырып жібердік. Үшінші өтінім осы болатын.
— Осынша еңбектен соң лицензияны берді ғой?
— Иә. Қор әдетте 8 аптаның ішінде жауап береді. Уақыт өтті. Жауап жоқ. 10-апта өткен соң «Лицензиямыз не болып жатыр?» деп өзіміз хат жаздық. Сөйтсек, біздің хат оларға жетпей, өтінім қаралмаған екен. Өтінім жолдаумен шаруа бітпейді. Оның әр бөлімін жеке талдап, бізге қайтадан сұрақ жібереді. Электрон пошта арқылы ағылшынша хат алмасамыз. Ойда жоқ сұрақтар қояды. Ең соңында біздің жауап беретін идеямыз да, сөздік қорымыз да таусылды. 28 қыркүйекте «100 адамға лицензия алдыңыз» деген жауап келді. Оны маған үш күннен соң Лариса Пак айтты. Жүрегім жарылардай қуандым. Қазір «Екінші туған күнім — 1 қазан» деп айтып жүрмін.
— Шымкентте өтетін шара неге Ордабасы деп аталды?
— TEDxShymkent бұған дейін болғандықтан басқа атау алу керек болды. TEDx ережесі бойынша өзен, көл, көше, алаң аттарын алуға болады. Археологтар қаланың Ордабасы алаңынан басталғанын айтады. Сондықтан TEDxOrdabasySquare атауына тоқтадық.
— TEDxOrdabasySquare командасы қалай құрылды?
— Лицензия алғаным туралы әлеуметтік желіге жазғанда командаға қосылғысы келетін адамдардан хат алдым. Соңында 12 адам қалды. Командамызда бизнесмен, мемлекеттік орган қызметкері, журналист, фотограф, қонақ үй саласының, маркетингтің, техника саласының адамдары бар. Команда жиналған соң қандай тақырыпты көтеретінімізді ақылдастық. Басында спикерлер саналы болу туралы сөйлесін деп ойладық. Бірақ оны тақырып ретінде қалай беруді білмейміз. Тіл мамандарына, журналист достарымызға хабарласып, кеңес сұрадық. Саналы болу белгілі бір нүктеден, өмірдегі үлкен өзгерістен басталады. Командадағы бір қыз Station zero болсын деді. Бәріміз қолдай кеттік. Оны қазақшаға құлаққа жағымды естіліп, жеңіл қабылдайтындай аудару керек. Тақырыптың қазақша болғанын дұрыс көріп отырмыз. «Бастапқы нүкте» немесе «Нөлдік нүкте» деп алдық. Бұл шараға бір жыл дайындалдық.
— Спикерлер қалай таңдалды?
— 2019 жылдың басында спикерлердің ашық тыңдалымын өткіздік. Сол кезде математика туралы сөйлеген Нұрбол Исмаилов пен инноваторлар жайлы айтқан Нұрмұхамбет Серікбаев командаға қосылды. Қалғанын әлеуметтік желілерден, бізге хабарласқандардан шығардық. Ал әнші Мархаба Сәби мен журналист Эльвира Ерғалинаға өзіміз хабарластық. Мархабаның «Жүйе» әні жарыққа шыққан соң бірден шараға шақырдық. Бізге спикерлерден идея керек. Ал оны дамытуға өзіміз көмектесеміз. Олар сахнада сөйлеу мен өзін-өзі ұстаудан арнайы тренингтен өтеді. TEDxOrdabasySquare шарасында жеті спикер сөйледі.
Бұрын өтпеген шараны түсіндіру қиын. Шараның ғимаратын жалға аларда «Осы еңбектеріңе ақы төлей ме?», «Ақша алмай жұмыс істеулерің мүмкін емес. Қызық адамсыңдар» деген сияқты талай сөзді естідік. Ереже бойынша спикерлердің кім екенін айтпаймыз. Қатысушылар шараға келген соң барып бір-ақ көреді. Өтетін орнын да шараның басталуына екі-үш күн қалғанда хабарлаймыз. Қатысушылардың ештеңе білмесе де, ұйымдастырушыларға сеніп, тіркеліп, ақы төлегеніне ризамыз. Шараның қалай өткені туралы есепті Америкадағы қорға тапсырамыз. 20 миллион адам жазылған TEDxOfficial YouTube-каналына видеолар саламыз. TEDx шарасының құндылығы сол — біз бұл шараны «сатпаймыз». Бір де бір журналист шақырмадық. Шараның маркетингі жоқ. Идеясы таратуға лайық болса, адамдар өздері тауып алады.