Психиоаналитиктің айтуынша, балаға ең алдымен ата-ананың махаббаты керек. Жауапкершілікті сезінген бала сабақты ерекше ынтамен оқиды. Бала үшін анасы мен  әкесінің өзіне назар аударуы мен қамқор болуы — маңызды фактор.

Қазір балалар жазғы демалыстан соң мектепке барды. Бастапқы кезде кейбір баланың ұзақ демалыстан кейін сабақ оқуға құштарлығы болса, кейбіреуі білім алуға әлі іштей дайын емес. Осындай жағдайда әрбір ата-ана баласы мектептен келген соң міндетті түрде әңгімелесуі керек. Есіктен кірген сәтте баланың көңіл күйіне назар аударып, сөйлескен жөн. Қандай пәндер қызық, сыныптастары қандай, ойландырып жүрген проблемасын сұрау қажет. Сонда бала жалғыз емес екенін түсініп, сабаққа ынтасы оянады, — дейді Жанар Оспан.

Жанар Оспан
Жанар Оспан. Фото жеке архивінен

Мұғалім сабақ беретін пәнін сүйіп оқыса, баланы сабаққа қызықтыра алады. Ата-ананың махаббатына бөленген бала да педагогпен тез тіл табысады.

Сабаққа ынтаның болмауы оқу үлгерімін төмендетеді. Бұл ата-ана мен бала арасында түсініспеушілік тудырады. Осындай сәтте ата-ана балалық шағындағы естелікті бөлісіп, сабақты қалай оқығанын айтып беруі керек. Егер ата-ана баласымен шынайы қарым-қатынаста болса, кез келген проблема шешімін табады, — дейді психоаналитик.

Баланың сабақ үлгерімінің жақсы болуы — ата-ананың қуанышы. Бірақ баланы баға үшін оқыту психикасының бұзылуына әсер етеді. Баланың қабілетін ата-ана жақсы білуі тиіс. «Сен қандай баға алсаң да, мен сені жақсы көремін» деп әрқашан айтуы керек.

Бос уақытта үйірмеге жаздыру — ата-ананың баласынан алшақтау әрекеті. Бірақ гипербелсенді баланы қалаған үйірмесіне берген дұрыс. Ал кейбір баланы үйірмеге жаздыру оның қалауынсыз болады. Сабақ пен  үйірмеге барып, бәрін үлгеріп жүретін баламен ата-ана сөйлесуі керек. Бұл баланың ата-ана назарын өзіне аударту әрекеті болуы мүмкін, — дейді маман.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!