Министрліктің соңғы мәліметі бойынша, оқыс оқиға 15 қыркүйекте сағат шамамен 19.20-да «Екатеринбург-Алматы» тасжолының 2449-шақырымында Шамалған станциясында болған. Пойыз Алматы-Қостанай бағыты бойынша қозғалған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі Руслан Иманқұловтың айтуынша, автобус жүргізушісі ескертуді елемеген.
Автобус жүргізушісі дыбыс белгісіне қарамай, теміржолға шығып кеткен. Салдарынан пойыз автобусты соққан, — дейді ол.
Полиция департаментінің мәліметінше, автобус Алматы-Қаскелең бағытында жолаушы тасымалдаған. Оның жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты.
Автобустың үш жолаушысы зардап шекті. Оның біреуі — әйел, екеуі — бала. Олар ауруханаға жеткізілді, — деді полиция.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеумен облыстық полиция департаментінің тергеушілері айналысады.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.