Басты бетҚоғамҚазақстанда жыл...

Қазақстанда жыл сайын 40 мың ата-ана жауапкершілікке тартылады

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты 589 қылмыстық іс тіркелді.

Жыл сайын 40 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкіл кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен заңды мүддесін бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылады. Сол сияқты сот арқылы жыл сайын мыңға жуық адам ата-ана құқығынан айырылады. Бүгінгі таңдағы балалар құқығына қатысты басты проблема – оларға қарсы зорлық-зомбылық пен күш қолданудың тоқтамауы. Осы жылдың сегіз айында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге қатысты 589 қылмыстық іс тіркелді, — деді Марат Қожаев.

Вице-министр балаларға зорлық көрсетуге қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату бағытында заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты.

Қазіргі уақытта балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен 1,5 мың адам түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатыр. Бала құқығына қатысты тағы бір мәселе — олардың қараусыз қалуынан немесе бос уақытының көп болуынан түрлі бағыттағы оқыс оқиғаға тап болуы. Биыл 286 бала ажал құшты. Оның 16-сы өрт салдарынан, 124-і суға кетіп қайтыс болды, 146  бала жол-көлік апатынан мерт болды, — деді Марат Қожаев.

ДереккөзІnform.kz