Басты бетҚоғам"АқЖайықCamp 2019"...

«АқЖайықCamp 2019» тренингі қалай өтті?

Семинар-тренингтің мақсаты — түрлі бағытта белсенді әрекет ететін үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік бағыттағы жұмыстар мен қаржы сауатын арттыру, тың идеялардың жүзеге асуына жәрдемдесу, фандрайзинг (жобаға қаржы көздерін тарту) бағыты бойынша тәжірибе алмасу.

Бұл шараға қатысу үшін атыраулық үкімет емес ұйым өкілдері сайтқа өтініш қалдырды. 75 ҮЕҰ өтініш тапсырып, конкурс ережесіне сәйкес комиссия іріктеуінен өткен 40 үкіметтік емес ұйым өкілі осы шараға қатысты.

АқЖайықCamp 2019
Фото: Азаматтық орталық

Атыраудан Оралға жету үшін қатысушылар арнайы автобуспен барды. Ұйымдастырушылар Оралға жеткен соң қатысушылардың табиғат аясында әсерлі танысу кешін ұйымдастырды.

Шараға қатысуға 70-тен астам үкіметтік емес ұйым өтініш білдіріп, содан талаптарды толық орындаған 40 ұйым күзгі лагерьге жолдама алды. Арнайы 10 сұрақтан тұратын сауалнаманы толтыру керек болды. Онда күзгі лагерьге қатысу мақсаты, қандай жоба идеясы бар, өзіңнің үкіметтік емес ұйымыңды бес жылдан соң қалай елестетесің деген сұрақтар болды. Келген сауалнамаларға біздің әріптестер және Атырау облысы ішкі саясат басқармасы басшылығы іріктеу жасап, бағалау жүргізді, — Азаматтық орталықтың директоры Әйгерім Досқалиева.

Алғашқы күні қатысушылар шараның ашылуына қатысты. Бұдан соң Новосібірдегі «Солнечный город» балаларға арналған қайырымдылық қорының фандрайзері, 285 миллион рубль көлемінде қорға қаржы тартқан Стула Земфира мен «Добрый город – Петербург» қайырымдылық қорының үйлестірушісі «Жаңадан бастаушыларға арналған фандрайзинг» және «ҮЕҰ қызметіне қаражат іздеу: сыртқы және ішкі ресурстар» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Түрлі ойын арқылы көрсетілген тренингте ҮЕҰ өкілдері өз салаларына байланысты түрлі сұраққа жауап алды.

Семинар-тренингке қатысушылар сабақты жақсы қабылдады. Бұл тақырыпта айтатын ақпарат өте көп. Бір күнде барлығын қамту мүмкін емес. Сол себепті де бір күнде көп ақпаратты жеткізу және қабылдау қиын болуы мүмкін. Бірақ қиындық болмаса, үлкен жетістікке жету де, даму да болмайды деп ойлаймын, — «Добрый город – Петербург» қоғамдық қорының үйлестірушісі Яна Зубко.

Семинар-тренингтен соң қатысушылар командалық ойындар ойнап, соңы көңілді кешке ұласты.

Шараның екінші күні Атыраудың үкіметтік емес ұйым өкілдері Ұлыбританиядағы Фандрайзинг институтының мүшесі, қазақстандық фандрайзер Индира Шахтың «Жоба өтінімі деген не? Жобаның нәтижесі мен тиімділігі қандай?» тақырыбында семинар-тренингіне қатысты. Әрбір қатысушы өзінің қазіргі бастаған немесе ойында жүрген жоба идеяларын тренермен ақылдаса отырып, мақсаты мен нәтижесін бірге талқылады. Командаға бөлінген қатысушылар өзара жарыса отырып, жоба өтінімнің тиімділігі мен мақсатын түсініп шықты.

Екі күндік шарадан соң қатысушылар әсерін бөлісті.

Көңілді атмосфера, жайлы ортада білімімізді арттырған керемет шара болды. Қазақта «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деген сөз рас. Жобаны қалай жазу керек, қаржыны қалай тартуға болады және тағы басқа ойымдағы көптеген сұраққа жауап алдым. Қатысушылар да өздерінің тәжірибелерін бөлісті. Бәріміз бір салада жүргеннен соң бұл пайдасын тигізеді деп ойлаймын. «Ақжайық CAMP» атты лагерь ұйымдастырған Азаматтық орталыққа үлкен алғыс білдіремін. Осындай шаралар көп болып, Атыраулық ҮЕҰ-дың белсенділігі арта бергей, — деді «Самға, жүрегім» қоғамдық қорының жетекшісі Эльвира Аралова.

Семинар-тренинг біткен соң Азаматтық орталық ұжымы қатысушыларды Оралдың көрікті жерлеріне аралатты. Шара соңында қорытынды кеш ұйымдастырылып, әрбір қатысушыға Азаматтық орталықтың директоры Әмина Жәрдемқызы сертификат табыстады.