Бақытжан Сағынтаев алматылықтарды Білім күнімен құттықтады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мұғалімдерді, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қала басшысы мектеп пен балабақшаларда орын тапшылығы мәселесінің шешіліп жатқанын айтты.

Әлеуметтік жауапкершілік аясында №140 мектепке жапсарлай 300 орындық мектеп салынады. Бұдан өзге 1717 балаға арналған №61, №123, №164, №172 мектептерге жапсарлас құрылыс жүріп жатыр. №18, №21 мектеп аумағында әрқайсысы 120 орындық екі балабақша, Алғабас ықшамауданында 120 орындық, Жас Қанатта 280 балаға арналған балабақша салынып жатыр. Әлеуметтік жауапкершілік жұмысы аясында Бостандық ауданында 150 орындық балабақша салынады, — делінген хабарламада.

Биыл тоғыз мектепте (№14, №114, №18, №25, №153, №125, №40, №143, №49) күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Олардың сейсмика қауіпсіздігі күшейеді. Оның ішінде бес мектепте (№14, №18, №153, №143, №49) жөндеу 1 қыркүйекке дейін аяқталды. Тағы екі мектеп 2019 жылдың қазан-желтоқсан айларында, қалған екеуі 2020 жылы оқушы қабылдайды. Сонымен бірге Түрксіб ауданының Колхозшы ықшамауданында 600 орындық, Әуезов ауданының Мамыр ықшамауданында 1200 орындық мектеп салынып жатыр.

Жаңа оқу жылында Алматыда 260 мыңға жуық бала мектепке барды. Оның ішінде 30 мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ. Аз қамтылған отбасылардан шыққан  15 390 оқушыны мектеп формасымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 260 миллион теңге бөлінген.