Бақытжан Сағынтаев: Алматының әр тұрғыны кәсіпкер бола алады

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ең әуелі мәдениет, туризм, көлік, логистика және ІТ-инновация салаларында кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлінеді. Отбасы бизнесі, соның ішінде көпбалалы отбасылардың кәсібін дамытуға ерекше мән беріледі. Бұл мақсатта қалада «Бақытты отбасы» көпбалалы отбасын қолдау орталығында әйелдерді кәсіпкерлікке үйрететін Isker Ana бағдарламасы қолға алынды. Жыл соңына дейін мүгедектігі бар жандар арналған тәлімгерлік пен тәжірибе жинақтау орталығын ашу жоспарланған.

Кәсіпкерлікке жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында Алматыда Qoldaý кәсіпкерлік орталығы құрылды. Оның 6 ауданда филиалы бар. Мұнда барлық мемлекеттік органның, даму институттары мен монополистердің мамандары қызмет көрсетеді.

Басты міндет — жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Мемлекеттік органдар өздерінің қажеттілігіне біздің кәсіпкерлер шығаратын өнімдерді алуға тиіс, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Қазір қалада 185 мың шағын және орта бизнес иесі бар. Олар жалпы ішкі өнімнің 40%-і мен салықтың 64%-ін толтырып отыр. Кәсіпкерлер 600 мың жұмыс орнын ашқан.