Жазушының айтуынша, бұл форумды өткізу Азия халықтарының рухани-мәдени интеграциясының дамуына үлес қосады.
Қазір бүкіл әлемде ғаламдану процесі жүріп жатыр. Бұл процестің басты шарты — интеграция. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері интеграция процестерінің ешбірінен тартынған емес. Бірақ рухани-мәдени интеграция кешуілдеп қалғаны жасырын емес. Біз өзге түгілі көршілес жатқан Азия елдері — Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан ақын-жазушыларының шығармаларын, олардың әдебиеті мен мәдениетінде не болып жатқанын білмейміз. Олардың руханиятынан хабарымыз жоқ. Олар да біздің әдебиеттен бейхабар. Бұл көрсеткіш Азия халықтарының интеграциясының қарқынды дамымай қалғанын көрсетеді. Ал форумды өткізу интеграция процесіне серпін береді. Осындай Азия қаламгерлерінің форумы 40 жыл бұрын өткен. Одан кейін әркім балапан басына, тұрымтай тұсына деп өз қотырын өзі қасып, өз қазанында өзі қайнап дамыды -, деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 30 жазушысы мен 31 ақынының шығармасы БҰҰ-ның ресми тілдеріне аударылып, жарыққа шыққалы отырғанын да айтты. Бұл туындылар 90-нан аса елге тарап, 2,5 миллиард оқырманға жетеді.
Есболат Айдабосынның айтуынша, әлеуметтік желілерде форум туралы нешетүрлі пікір бар. Бірақ «Рухани жаңғыру» бағдараламасы аясында ұйымдастырылған форум болашақта өз нәтижесін береді.
Форумда қазіргі әдебиеттің ағымдары, тенденциялары мен жаңалықтары деген тақырыпта баяндамалар оқылды. шетелдік баяндамашылардың форумға өте жақсы дайындықпен келгені көрініп тұр. Уақытты тиімді пайдаланып, аудиторияға пайдалы ақпаратты айтты, — деді Есболат Айдабосын.
Еске салайық, 2019 жылы 4-5 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтанда Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы өтті. Форумға Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, жазушылар одақтары мен қауымдастықтарының төрағалары келді.