Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Азия қаламгерлерінің І форумында не айтты?

Құрметті қаламгерлер!

Қадірлі қауым!

Азия ақын-жазушыларының алғашқы форумы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп жатыр.

Біздің халқымыз рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетін жан-жақты қолдауғаәрдайым баса мән береді.

Бұл берік ұстаным Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жаңа сипат алып отыр.

Қазақ әдебиеті – халқымыздың сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан асыл қазына.

Тұтас түркінің ортақ мұралары  «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған» жырлары мен «Қорқыт ата кітабы» – әдебиетіміздің түп-тамыры.

Әл-ФарабиҚожа Ахмет Яссауи сынды ұлы тұлғалардың еңбектері ислам дәуіріндегі түркі жұртын төрткүл дүниеге танытты.

Алтын Орда заманындағы жыраулық поэзия дәстүрі өз жалғасын тауып келеді.

Төл әдебиетіміздің асқар шыңға шығуы ұлы ойшыл Абайдың даналық болмысымен тығыз байланысты.

Оның шығармалары – жалпы адамзатқа ортақ рухани жауһарлар.

Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды.

Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүние жүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып білуде.

Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр.

Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни 2,5 миллиард оқырманға тарайды.

Бұл – қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болмаған бірегей оқиға.

Ұлы даламыз – сан алуан өркениеттер мен мәдениеттердің куәсі.

Еліміз алып құрлықтың батысы мен шығысын, күнгейі мен теріскейін жалғаған тоғыз жолдың торабында орналасқан.

Біз – бір кездері Ұлы Түрік Қағанатынан мирас болған түркілік тегімізді сақтай білген халықпыз.

Бүгінгі түркі жұртының теңдессіз жетістіктері сол дәуірлерден қалған ұлы мұралармен тығыз байланысты.

Азия – ұлы өркениеттердің дүниеге келуіне, өркен жаюына, кейін тарих қатпарына сіңіп, қалыптасуына куә болған көне құрлық.

Араб, парсы, қытай, үнді өркениеттері – адамзат тарихының ажырамас бөлігі.

Шығыс мәдениеттері сан алуан сипаттарына қарамастан өзара астасып жатыр.

Азия халықтары өркениеттер қақтығысына ұшырамай, етене үндестікте дамуының басты сыры да – осында.

Соңғы жарты ғасырда Азия қайта түлеп, қарқынды дамып келеді.

Шығыс мемлекеттері әлемдік алпауыттар қатарынан нық орын алды.

Бүгін мен осы форумға өзек болатын бірқатар маңызды мәселелерге тоқталғым келеді.

БіріншіЖаһанданудың шығыстық дәстүрі нақты сипатқа ие болып, кеңейе түсуде.

Мысалы, қазір Ұлы Жібек Жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады.

Шын мәнінде, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді.

Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиетіөнерібілім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты.

Азия халықтарының Сөз өнері бай, тамыры тереңде.

Жер бетіндегі жазу-сызудың Шығыстағы ШумердеМысыр мен Қытайда пайда болуы – соның айқын дәлелі.

Түркі, қытай, үнді, араб, парсы елдерінің көптеген көне жәдігерлері дәуір сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге дейін жетті.

Бұл мұралардың құндылығы неде?

Көне ескерткіштердің негізінде жатқан жалпы адамзаттық құндылықтар әдебиет арқылы әлемге таралды.

Әр оқырманның көкейіндегі сауалдардың жауабы мен жаһандық мәселелердің шешімі де дәл осындай туындылардан табылады.

ЕкіншіАзия әдебиетінің өрісі айтарлықтай кеңейіп келеді.

Шығыстан шыққан қаламгерлер күллі дүниені мойындатып отыр.

Бұл ретте, Азия әдебиетін әлемге әйгілеп, дәріптей түсу – форумның тағы бір маңызды міндеті деп санаймын.

Шығыс даналығының дәстүр сабақтастығы Сіздердің туындыларыңыз арқылы жалғасын табады деп ойлаймын.

Үшінші. Жаһандану дәуірінде Азия сын-қатерлерге лайықты төтеп бере отырып, өзіне тән бірегей ерекшеліктерін сақтап келеді.

Батыс технологиясы Азия руханиятымен үндесіп, Шығыстық жаңғыру үлгісін дүниеге әкелді.

Қалаларда Шығыс әлемінің болмыс-бітімін насихаттайтын креативті класс пайда болды.

Рухани байланыстарды кеңейту – жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығының кепілі.

Біз бұл үрдісті қолдап, әлем халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосуға тиіспіз.

Төртінші. Азия бір кездері айырылып қала жаздаған мәдени, тарихи қатынастарын қалпына келтіруде.

ХХ ғасырда екі жүйенің текетіресі Азияны да екіге бөліп, тұтас мәдениеттер арасына сызат түсірді.

Орталық Азия «темір құрсауға» алынды, халықтар мен мемлекеттер қақ жарылды.

Алайда, біз бәрімізге ортақ, бастауы бір құндылықтарымызды сақтап қалдық.

Жасанды кедергілер жойылған соң біз біртұтас әлем екенімізді қайта сезіндік.

Отбасылық және қоғамдық дәстүрлер, еңбекқорлық пен білімге ұмтылу – Азия халықтарына тән асыл қасиеттер.

Мәдениеттердің жарасымды дамуын бір сөзбен «Әралуандық үйлесімі» деп түсіну қажет.

Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтқан өсиеті осыны меңзейді.

Азия біріге алады.

Қайта жаңғырған Ұлы Жібек Жолы – осының айқын дәлелі.

Құрметті форумға қатысушылар!

Еуразия жүрегіндегі Қазақ даласы батыс пен шығысты жалғайтын дәліз ғана емес.

Ұлы Дала Елі – сан тараптағы ғылым мен білімнің, өркениеттердің тоғысқан тұсы.

Бүгінгі форум қазіргі заман үрдістерінің адам әлеуетін дамытуға қызмет ететінін көрсетіп отыр.

Рухани кемелденуге ұмтылмай, өркендеу болмайды. Ондай дамудың ешқандай маңызы жоқ.

Бұл ретте, Сіздердің еңбектеріңіз Азияның ұлы мәдениетін жаңғырту ісіне елеулі үлес қосып келеді.

Азия әдебиетін одан әрі дамыту үшін біз мынадай маңызды мәселелерге назар аударуымыз қажет.

АлдыменАзия қаламгерлері форумы шығармашыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуыкерек.

Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын.

Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс.

Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды.

Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі.

Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн.

Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек.

Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті.

Бұл Азияның теңдессіз дүниетанымы жинақталған баға жетпес асыл қазынаның есігін жер жүзіне айқара ашатын құнды дүние болары сөзсіз.

Осындай игі бастамаларды іске асыру жұмысы қаламгерлерімізді біріктіріп, Азия әдебиетін жаңа белеске шығарады деп сенемін.

Бүгінгі Форум жұмысына табыс тілеймін!