Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің І форумына қатысып жатыр. Бұл туралы Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасына жазды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның құрлықтың батысы мен шығысын, күнгейі мен теріскейін жалғаған тоғыз жолдың торабында орналасқанын еске салды.
Азия — ұлы өркениеттердің дүниеге келуіне, өркен жаюына, кейін тарих қатпарына сіңіп, қалыптасуына куә болған көне құрлық. Араб, парсы, қытай, үнді өркениеттері – адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Шығыс мәдениеттері сан алуан сипаттарына қарамастан өзара астасып жатыр. Азия халықтары өркениеттер қақтығысына ұшырамай, етене үндестікте дамуының басты сыры да — осында, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Азия қаламгерлері форумы шығармашыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек екенін атап өтті.
Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Сондықтан әдеби үдерісті жаңғыртуға жағдай жасау — басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 30 жазушысы мен 31 ақынының шығармасы БҰҰ-ның ресми тілдеріне аударылып, жарыққа шыққалы отырғанын да айтты. Бұл туындылар 90-нан аса елге тарап, 2,5 миллиард оқырманға жетеді.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы өтіп жатыр. Форумға Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, жазушылар одақтары мен қауымдастықтарының төрағалары келді. Форум екі күнге созылады.