Ақтөбеде сақал қойған жігіттер әскерге алынбай жатыр

Радикалдардың қорғаныс саласына кіріп, іріткі салуынан қорыққан құзырлы органдар күзгі шақырылымға келгендерді жіті сүзгілеуде. Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті жастарды медициналық тексеруге шақырмастан бұрын жеке істерін тексереді екен. Егер Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер департаментінің тізіміне іліккендер болса әскерге жолатпайды. Биылдыққа он жігіт экстремистік ұстанымдары үшін, тағы бірі баптистердің уағызшысы болғандықтан әскерден шеттетілген.

«Әскерге шақырмастан бұрын ер азаматтарды сырттай зерттеп, жеке істерін тексереміз. Ұлттық қаупсіздік комитеті мен Ішкі істер органдарымен тығыз байланыстымыз. Арнайы тексеру кезінде тіркеуде тұрған- тұрмағаны анықталады», — деді Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Әділбек Құлтаев.