Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Нұр-Сұлтанда жалпы саны 719 несиелік өтінімді қабылдады. Олардың ішінде 253 отбасының өтінімі мақұлданған. Қазір олар өтінімге сәйкес баспана іздестіріп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алғаш құжат өткізгендердің бірі — Еркінбек Әбуов. Мемлекеттік қызметкер, 4 баланың әкесі. Пәтерін 14 миллион теңгеге сатып алды. Ай сайын 74 650 теңге көлемінде несие төлеп отырады.
⠀
Аққайың Сыздықов есімді елордалық та жеңілдетілген займ алды. Пәтері 15 миллион теңге тұрады. Өзінің айтуынша, ай сайын 79 963 теңге көлемінде несие төлейтін болады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасының арқасында біз көптен күткен пәтерімізге қол жеткіздік. Осыған дейін біз ата-анамызбен бір шаңырақ астында өмір сүрдік. Енді балаларымыздың өз бөлмелері болатын болды, — деді Аққайың Сыздықова.
Тоғжан Смайылова бағдарламаға қажет құжаттарды 1 ай жинаған. Ол мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы санаты бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп отыр.
Бағдарламаға жолдама алу үшін алдымен Қошқарбаев көшесіндегі Тұрғын үй қорына бардым. Банк өтінімді 1 апта қарап, мақұлдады. Несиенің үстемесі 2% қана. Баспана бағасының 10%-ін төледік, — деді Тоғжан Смайылова.
Айта кетейік, бағдарламаға көпбалалы, толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Бағдарламаның көмегімен жаңа және қолданыстағы үйден пәтер немесе жер үй сатып алуға болады. Ең жоғары займ мөлшері Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында 15 миллион теңгеге жетеді. Ал қалған өңірлерде 10 миллион теңгеге дейінгі сомада үй алуға болады. Жылжымайтын мүлікті қарыз алушы тұрғын үй үшін кезекте тұрған аймақта ғана сатып ала алады.