Порталымыздағы «Сұрақ-жауап» бөлімінің қолданушысы «Мен тым тез сөйлеймін, сөзімді жергілікті халық түсінеді. Басқа қалаға қыдырып барсам, «Асықпай сөйлеші, әйтпесе, ештеңе түсінбедім» дейді. Осы әдетімді қоя алмай келемін, сөйлеу мәнерін қалай дұрыстауға болады?» деп сұрапты.

 

Алтын Мұсаева
Логопед Алтын Мұсаева. Фото жеке архивінен

Біз тахилалия — жылдам сөйлеудің себебі мен сөйлеу дефектісін қалай реттеуге болатынын логопед Алтын Мұсаевадан сұрадық.

— Алтын, адамның жылдам сөйлеуі нені білдіреді? Ол неден пайда болады?

— Адамның жылдам сөйлеуін медицинада «тахилалия» деп атайды. Тахилалиядан зардап шегетін адамның сөзі ойынан жылдам болады. Негізі адам секундына 10-12 дыбысқа дейін айтады, ал тахилалия кезінде ол 20-30 дыбысқа дейін немесе одан көп айтуы мүмкін. Бала дыбысты дұрыс шығарады, жеткізеді, бірақ жылдам сөйлегендіктен оны түсіну қиын болады. Мұндай кезде ол демі жеткенше сөйлей береді және сөзін жестикуляциямен, кейде аяғының немесе денесінің ретсіз қозғалысымен жеткізеді.

— Жылдам сөйлеу әдеті бала кезден бастала ма, әлде ересек адам да қалыпты сөйлеп жүріп, бірден тез сөйлеп кетуі мүмкін бе?

— Жоқ, бұл ауру бала кезден басталады. Ересек адам қалыпты сөйлеп жүріп, аяқ астынан жылдам сөйлеп кетпейді. Тахилалияға жүйке жүйесі тозған, шыдамсыз балалар бейім келеді, бірақ кейде ол тұқым қуалауы да мүмкін.

Баланың анық әні дұрыс сөйлеуіне қоршаған ортаның, ересектердің де әсері болады. Баланың сөйлеу қабілетінің дұрыс қалыптасуы үшін үлкендердің де асықпай, әр сөзді түсінікті етіп жеткізуі маңызды. Кей ата-ана «баланың тілімен сөйлеймін», «оған осылай түсінікті болады» деп сөзді бұрмалап айтып жатады, бұл дұрыс емес. Үш жасқа дейін бала дұрыс сөйлей алмаса, оған уайымдаудың қажеті жоқ. Мұндай кезде маманның кеңесін алу қажет. Кей ата-ана баланың өзі ақырын сөйлегісі келмей тұр деп ойлап, көп уақыт өткеннен кейін көмек сұрайды. Балаға кішкентайынан әдемі, таза сөйлеуді үйрету керек. Оған ертегі оқытып, жаңылтпаш айтқызып, тілін жаттықтырып отыру қажет.

— Жылдам сөйлейтіндердің мінез-құлқында қандай да бір өзгешелік бола ма?

— Жылдам сөйлейтін адам көбіне ашушаң, ызақор келеді. Жүріс-тұрысы да шапшаң болады, үнемі жылдам қимылдауға тырысады. Күндіз де, түнде де мұндай өзгеріс байқалады. Жылдам сөйлейтін адамның көру және есту қабілеті, оған қоса, зейіні де төмен болады. Бала кезден жылдам сөйлейтіндер маманға тексеріліп, емделмесе, ересек кезінде де сөйлеу жағынан үнемі қиындыққа тап болады.

— Тахилалияны қандай мамандар емдейді? Бұл дефектіден түбегейлі арылу мүмкін бе?

— Тахилалияны невропатолог, психиатр, логопед және психолог емдейді. Білікті маманның көмегімен тахилалиядан арылуға болады. Бірақ ол қайталануы мүмкін. Мұндай кезде пациент маманның қадағалауында болуы керек. Тахилалияны емдеу үшін әуелі оның себебін анықтап, содан кейін ғана шара қолданамыз. Оны бальнеотерапия, емдік дене шынықтыру шаралары, антиген жаттығулар, сөйлеу жаттығулары, логоритмика, медикаментоз терапиясы, физиотерапия, нейроседатив массаж, психологтың сеансы сияқты түрлі шараны қолданып, емдейді.

— Адам байыппен және әдемі сөйлеуі үшін күнделікті өмірде нені ескеруі керек?

— Адам əдемі, баяу әрі анық сөйлеу үшін логопедпен жұмыс істеуі керек. Дұрыс тыныс алуға, баяу сөйлеуге арналған жаттығуларды орындап отыруы қажет. Мұндай жаттығуларға үнсіздік режимі, дауыстап, баяу оқу, қайталап айту (ішінен оқу, тактімен оқу, логопедпен бір толқында оқу) жаттығуларын орындап, айналадағы адамдардың сөзін тыңдау, олармен қалыпты сөйлесіп, үйрену керек. Осы жаттығуларды ұзақ уақыт бойы орындаудың нәтижесінде адам маманның көмегінсіз дұрыс сөйлеп кетуі мүмкін.

— Әңгімеңізге рақмет!