Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы бірнеше нысанды, «Әлфарух» логистика орталығын және жаңа емхананы аралап көрді.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президенттің өңірдің индустрия потенциалымен танысу «Бёмер Арматура» серіктестігінен басталды. Бұл — Орталық Азияда неміс технологиясы бойынша шарлы ілмекті арматура шығаратын жалғыз кәсіпорын. Бұл өнім түрі мұнай-газ секторы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында сұранысқа ие.
Мемлекет басшысы содан кейін Recycling Company серіктестігінің ескі автокөліктерді өңдейтін тұңғыш зауытында болды. Мұндай кәсіпорын да Қазақстанда жалғыз. Мұнда жылына 50 мың автокөлікке дейін қайта өңделеді. Машина жинап, өңдеудің кешенді әдісі еліміздің автопаркін жаңартуға, экология ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Әлфарух» көтерме-бөлу орталығында Қасым-Жомарт Тоқаев кросс-док, климаттық қойма мен көтерме-бөлшек орталығын аралап көрді. Президент нысанның транзит-логистика мүмкіндіктерін кеңейту және Қарағандының тәжірибесін басқа өңірлерге енгізу қажет екенін айтты.
Мұнда Мемлекет басшысына Қарағандыдағы тұрғын үй құрылыстары мен сәулет жобалары да таныстырылды.
Пришахтинскідегі жаңа балалар емханасында Президент емдеу кабинеттерін, қазіргі заманғы медицина жабдықтарын қарап көріп, дәрігерлермен әңгімелесті. Мекеме мамандары Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындығы жөнінде айтты.