Бақытжан Сағынтаевтың хабарлауынша, альпинистер Қырғызстан аумағында жүр. Қазір Сыртқы істер министрлігімен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Хан Тәңірі тауынан іздестіру орнына құрамында тауда жаяу жүріп іздейтін құтқаратын топ бар тікұшақ жіберілді. Қиындығы сол, тікұшақ биік шыңдар үстімен ұша алмайды. Шыңның биіктігі — 4500 метр. Одан әрі қарай іздестіру тобы мен еріктілер жұмыстарын бастайды. Қырғыз әріптестеріміз қолдау көрсетеді деп сенеміз, — деді әкім Instagram-парақшасында.
Айта кетейік, 16 тамыз күні «Журнал — Ветер странствий» Facebook-парақшасы Тянь-Шань тауында Александр Чечулин есімді альпинистің қайтыс болғанын хабарлады. Жанында Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев есімді альпинистер болған. Олар Жеңіс шыңына Жабайы асуы арқылы көтерілген. Бірақ шатырдың тіреулерін жоғалтып алып, қарлы шұңқырда түнеп шыққан. Жазбада таңертең Александр Чечулиннің оянбай қалғаны айтылған.
Ал қалған альпинистер байланысқа шыға алмай отыр. Бұл жайында Мұрат Өтепбаевтың қызы Айгүл Матай Instagram-парақшасында жазды. Оның айтуынша, альпинистер төменге түсуге мүмкіндігі болмай, шамамен 6600 метр биіктікте тоқтап тұр.
Ауа райы мен құрал-жабдықтардың болмауынан олар дәл уақытында лагерьге түсіп үлгермеген. Аман қалған Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев ешкіммен байланысқа шыға алмай отыр. Мұрат Өтепбаев — альпинизм бойынша спорт шеберіне кандидат (еңбек өтілі — 13 жыл), Alpine Asia Team-де жаттықтырушы, 4 баланың әкесі, — деп жазылған парақшада.