Сенаттың бұрынғы вице-спикері Сергей Громов вице-министр болды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Сергей Громов Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметіне тағайындалды, — деп хабарлады Премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Сергей Громов 1959 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген. 1981 жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтын гидромелиорация мамандығы бойынша, 1991 жылы Алматы саясаттану және басқару институтын әлеуметтік-саяси қатынастар теориясы мамандығы бойынша, 2002 жылы Әулие Ата университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1981 жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтында оқытушы болып бастаған. 1998 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Оңтүстік Қазақстан облысында аудан әкімі, әкімнің бірінші орынбасары, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді.

2007-2011 жылдар аралығында Nur Otan халықтық-демократиялық партиясының аппарат басшысы, төрағасының орынбасары, хатшысы болды.

2011 жылғы қыркүйектен 2013 жыл аралығында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын атқарды.

2013 жылдан бері ҚР Парламенті Сенатының депутаты, 2016 жылдың қаңтарынан қазірге дейін ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары болды.

Еске салайық, 12 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Сергей Громовтың Парламент Сенатындағы өкілетін тоқтатқан еді.