Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерришке көңіл айтты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке көңіл айту жеделхатын жолдады. Ол Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Бенгазидегі жарылыс салдарынан қаза тапқан БҰҰ-ның Ливиядағы миссиясы қызметкерлерінің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Бұл зұлымдыққа толы лаңкестік шабуыл ізгілік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптейтін қасиетті мұсылман мерекесі — Құрбан айт қарсаңында жасалғаны аса жан түршігерлік жағдай. Әлемдік қауымдастықтың зорлық-зомбылыққа қарсы бірлескен және батыл күреске шақыратын үндеуін берік қолдай отырып, Қазақстан лаңкестіктің ешқандай түрі мен көрінісін қабылдамайды. Біз БҰҰ қызметкерлерінің жаһандық ұйымның игі мақсаттарына қол жеткізу жолындағы қызметін жоғары бағалаймыз, — делінген жеделхатта.

10 тамыз күні Бенгазидегі азық-түлік базары маңында мина қойылған автокөлік жарылды. 2 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алды. Лаңкестер Ливиядағы БҰҰ миссиясы қызметкерлерін жарып жіберуді әдейі мақсат еткен және олардың теріс ниеті орындалды.